Жезқазған құтқарушылары шомылушыларды қадағалауды күшейтті

Жезқазған құтқарушылары дарияға шомылуға барғандарды қадағалап, ескерту жасап әлекке түсті.

Ауа температурасы күрт көтеріліп, тұрғындар жаппай су жағалап кетті. Қазір Кеңгір су қоймасында бақылау күшейтілді. Себебі жасанды көл шомылуға қауіпті - дейді мамандар.

Былтырғы жазғы шомылу маусымында осы Кеңгір су қоймасында 5 адам суға кеткен. Оның біреуі кәмелетке толмаған бала. Жазатайым оқиғалар тыйым салынған аумақтарта тіркелді. Сондықтан құтқарушылар бұл жерлерді күніне бірнеше рет тексеріп тұрады. Демалушыларға суда шомылу ережелерін түсіндіреді. Ал ескертуді елемегендер полицейлерге тапсырылады.

Сергей Петров, жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Күніне екі-үш рет аумақты патрульдеуге шығамыз. Адамдарға алысқа жүзуге, спирттік ішімдік пайдаланып суға түсуге болмайтынын айтамыз. Кейде, әрине демалушылар түсінбей қалады. Өзімізге қарсы шығып жатады.

Ересектер балаларын жағажайда жиі қараусыз қалдырады. Ал оның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Рейд кезінде үлкендердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер ескертулерге құлақ аса бермейді, дейді құтқарушылар. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері шомылу маусымы басталғалы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Облыстық жасақ штатында 62 адам бар.

Марат Аглюков, ТЖД жедел-құтқару жасағының бастығы:

- Құтқарушылардың физикалық дайындығын үнемі арттырып отырамыз. Құрал-жабдықтарымыз кезең-кезеңмен жаңартылып жатыр. Болашақта химиялық, биологиялық қорғаныс құралдарымен толығады. Кинологтар қызметін жасақтау да жоспарда бар.

Соңғы екі жылда құтқарушылар жасағының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылған. Олар әсіресе квадрокоптерді белсенді қолданады. Пилотсыз ұшу аппараты іздеу-құтқару жұмыстарында жоғары тиімділігін көрсетіп үлгерді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев