Шымкентте судағы қауіпсіздік күшейтілді

Шымкенттегі су айдындарында қауіпсіздік шарасы күшейтілді.

Күн ысығалы мегаполис тұрғындары суға түсуге ағылып жатыр. Демалушылар ескертуге қарамастан қарапайым ережені жиі бұзады, дейді құтқарушылар. Салдарынан оқыс оқиға жиі болады.

Шымкенттегі ыстықтан қала тұрғындары қазір су айдындарын жағалап жүр. Демалушылар санының күрт өсуі құтқарушылардың жұмысын қиындатқаны рас. Өйткені қауіпсіздік ережелерін бәрі бірдей сақтай бермейді. 

Өз күшіне сенген мына жігіт жағадан алысқа ұзап кетті. Оның батып бара жатқанын байқаған демалушылар дереу құтқару қызметін шақырады. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар қала тұрғынын аман алып қалды. Абырой болғанда бұл құтқарушылардың өзі ұйымдастырған «қойылым» болатын.

Жамбыл Жабаев, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- Қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың соңы неге әкелетінін көрсеткіміз келді. Өйткені демалушылар жағадан алыстап кеткеннен кейін қайта алмай жатады. Сондықтан қауіпсіздік маңызды. Ереже бәріне ортақ. 

Су айдындарында қазір қосымша құтқарушылар бекеті орнатылып, тәулік бойы бақылау жүргізіледі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тоқтаған емес. Бірақ ескертуді елейтіндер аз. Мегаполисте 3 орын шомылуға дайындалған. Бірақ тыйым салынған орындарда да демалушы көп. Су айдындарында ғана емес, демалыс аймақтарында қазір қауіпсіздік күшейтілді.

Айтжан Қазақ, демалыс аймағының әкімшісі:

- Қазір демалыс аймағында алкогольді сусындар сатылмайды. Соның арқасында түнде келушілер де азайды. Мас күйде суға түсіп, қайғылы жағдай болмас үшін осындай шешім қабылдадық. 

Құтқарушылар қазір Түркістан облысының тұрғындарына да су айдындарында абай болуды ескертіп жатыр. Жыл басынан бері 17 адам суға кеткен. Оның он үші бала. Қазір мұндай қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында құтқарушылар тегін сабақтар ұйымдастырып, балаларды суда жүзуге үйрете бастады. 

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов