Әскери ұшқыштар әулеті патриот ұрпақты тәрбиелеп отыр
Әке көрген оқ жонар. Бүгінде ел қорғау ісін жеке өзінің ғана емес, отбасының өмірлік миссиясы еткен қайсар жандар бар.
Солардың бірі – Сандыбаевтар жанұясы. Әулеттің отағасы Жиентай Сандыбаев кезінде МИГ жойғыш ұшақтарын тізгіндеп, әскери авиация саласында қажырлы еңбек еткен. Қазір әкенің ісін ұлы жалғастырып келеді. Өнегелі істі өсіп келе жатқан немерелері де жалғастырмақ ойда.
Кезінде КСРО-ның, кейін Тәуелсіз Қазақстанның әскери авиациясында еңбек еткен Жиентай Сандыбаев – қазір отставкадағы генерал. Бұл салаға ғұмырының 30 жылға жуық уақытын жұмсаған. Қарапайым курсанттан бастап, Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары лауазымына дейін жеткен. Түрлі типтегі жойғыш ұшақтарды тізгіндеген ардагердің жалпы ұшу уақыты 1800 сағаттан асады. Тіпті қызмет барысында штаттан тыс жағдайға тап болып, бел омыртқасын сындырып, ауыр операциядан да өткен.
Жиентай Сандыбаев, отставкадағы авиация генерал-майоры:
- 2000 жылы ұшу тапсырмасын орындау барысында ұшақ кенеттен істен шығып қалды. Штаттан тыс жағдай шамамен 15-20 метр биіктікте болды. Әуе кемесі жылдам жерге қарай құлдилай бастады. Сондықтан катапультаны қосып, ұшақтан секірдік. Биіктік аз болғандықтан, парашюттер дұрыс ашылып үлгермеді. Салдарынан ауыр жарақаттар алдым. Операция жасалып, омыртқаның бір бөлігін алып тастады. Қабырға мен аяғым сынды. Жарты жылдан кейін қайта қатарға оралдым.
Жиентай Сандыбаевтың бұл жарақаттары оның ұлы Тимурдың кейін әскери ұшқыш болу арманына да кедергі болды. Жарының ауыр жарақаттарын көрген зайыбы бауыр еті баласы үшін қатты алаңдап, өзге мамандыққа оқуға жіберген. Дегенмен Отанды қорғап, елге қызмет етемін деген бала арманы Тимур Сандыбаевтың бойында күштірек болды. Қазір ол әскери-көліктік ұшақтарды сәтті басқарып жүр. Подполковник дәрежесіне дейін де жеткен.
Тимур Сандыбаев, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік авиация ұшқышы:
- Менің әскери ұшқыш болуыма ата-анам қарсы болғандықтан, халықаралық қатынастар мамандығына оқып шықтым. Бірақ қосымша мемлекеттік авиациялық орталықта да білім алып жүрдім. Ұшақ басқару менің ісім екенін сол сәтте түсіндім. Кейін орталықта нұсқаушы болып қызмет еттім. Содан соң еліміздің Қарулы Күштері қатарына өтіп, әскери ұшқыш атандым.
Сандыбаевтар әулетінің үшінші буыны да әскери ұшқыш атануы мүмкін. Қазір Тимурдың Ибрагим мен Таир есімді 2 ұлы өсіп келеді. Кенжесі әке жолын жалғастыруды армандайды.
Таир Жиентай, немересі:
- Маған бұл экстремалды мамандық қатты ұнайды. Атам мен әкем өзінің басынан өткен оқиғаларын еске алып, айтқан кезде қызығып тыңдаймын. Болашақта ұшқыш болғым келеді.
Әке көрген оқ жонар. Ел қорғау ісінде өнегелі ұрпақ тәрбиелеп жүрген Сандыбаевтар әулеті бүгінде көпке үлгі. Бұнда әулеттің үлкені Жиентай Сандыбаевтың еңбегі орасан зор.
Авторы: Риат Шони. 24KZ