Астана – Сеул әуе рейсі қайта ашылды
Қазақстан мен Оңтүстік Корея астаналары арасында әуе қатынасы қалпына келтірілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін Инчхон халықаралық әуежайына Астанадан ұшақ келіп қонды.
Астанадан келген ұшақты қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алды. Осы рейспен Сеулге дипломаттарымыз оралды. Олар Оңтүстік Корея президентінің Қазақстанға сапарына орай елге барған еді. Мемлекет басшыларының кездесуінен кейін екі астананы байланыстыратын әуе жолы іске қосылды. Астана мен Сеул арасында тікелей әуе рейсі алғаш рет 2015 жылы ашылған. Бірақ пандемияға байланысты тоқтатылды. Кейінгі уақытта екіарада барыс-келіс артып, Алматы мен Инчхон арасындағы жалғыз әуе бағыты жеткіліксіз бола бастады.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы елшісі:
- Қазақстанның тұрған жері – бұл Еуразиядағы жер. Еуропа мен Азияны Қазақстанның үлкен территориясы арқылы байланыстыратын боламыз. Тек қана Қазақстан мен Корея арасындағы емес, сонымен қатар мынау шығыс елдердің, Азияның Еуропаға дейінгі ресми басқа да сапарлары осы Қазақстан арқылы өтеді. Меніңі ойымша, сұраныс болады.
Алан Атамқұлов, ұлттық әуе компаниясының менеджері:
- Астанадан Сеулге ұшақ аптасына 2 рет, сәрсенбі және сенбі күндері ұшады. Бұл Алматы мен Сеул арасындағы күнделікті рейстерге қосымша бағыт болады. Бүгінгі рейсте жолаушылар толы болды.
Инчхоннан Астанаға алғашқы рейспен еліміздің солтүстік, батыс және шығыс аймақтарында тұратын студенттер ұшты.
Қазыбек Мейрамов, студент:
- Осы Сеулде оқып жатқан бірнеше студент бар біздің қазақстандықтардың. Енді біздің студенттердің қатынауына бірден Астанаға тікелей рейс ашылған екен. Бұл өте ыңғайлы және экономикалық жағдайымызға да бұл өте жақсы болушы еді деп ойлаймын.
Чу Ён Мин, Хангук шет тілдер университетінің доценті:
- Мен Астанаға конференцияға барамын. Бұрын біз Астанаға Алматы арқылы ұшып барушы едік. Жол ұзағырақ болып, біраз шаршайтынбыз. Енді тікелей рейс ашылса, өте қолайлы болады. Бұл екі елдің арасындағы ынтымақтастық нығаюына да септігін тигізеді деп ойлаймын.
Владислав Цой, тілші:
- Инчхоннан Астана мен Алматыға қарай ірі авиатасымалдаушыларынан бөлек, Оңтүстік Кореяның 2 бюджеттік әуе компаниясы ұшатын болады. Олар аптасына бірнеше рет қатынайды. Осылайша, екі ел арасындағы рейстер саны 4 есеге артып, аптасына 42-ге жетеді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.