Қызылордада Кинология орталығы салынады

Қызылордада қызметтік иттердің элиталық тұқымы өсіріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін жаңа Кинология орталығын салу жоспарланып отыр.

Қырағы әрі жылдам. Бұл шабуылдаушы итті мамандар «Динго» деп шақырады. Бельгиялық овчарка ерекше қауіпті қылмыскерлерді ұстауға көмектесіп жүр. Ол атыс дауысынан сескенбейді және кез келген кедергіден өтуге дайын.

Ал бұл иісшілдің аты – Елай. 7 жылдан бері полиция сапында жүрген неміс овчаркасы 300-ден астам есікрткі қылмысын ашқан.

Нұрболат Ерболатұлы, кинолог инспекторы:

- Бұл жас бала сияқты өзі. Егесі келіп ұрысса, жатып қалады, жұмыс істеуге құлшынысы болмай қалады, адам сияқты. Бұны бір жасында Алматы қаласы Кинологиялық орталығынан алған. 7-8 жыл болды қазір. Жоғары көрсеткіштерде жұмыс атқарып келеді.

Қызметтік иттер жаттығу құрылғыларымен жабдықталған арнайы полигонда дайындалады. Әрқайсынының өзіндік ерекшелігі бар. Бірі есірткі іздесе, екіншісі із кесуге арналған. Мұндағы жануарлар 8 жасқа дейін қызмет атқарады. Сондықтан олардың орнын басатын күшіктерді өсіруге мамандар ерекше көңіл бөліп отыр.

Бағлан Бисен, ПД Кинология орталығының бастығы:

- Біз осыған дейін қызметтік іздестіру иттерін Ішкі істер министрлігінің Кинология орталығынан алып келгенбіз. Енді алдағы уақытта өзімізден көбейтіп шығару жоспарланып отыр. Оған қазіргі уақытта жоспарымызда жаңадан Кинология орталығын салу, қызметтік іздестіру иттерін көбейту, туу блогын салу қазір жоспарда бар. Жаңа вольер, ұяшықтарын салу жоспарланып отыр.

20 жыл бұрын өңірдегі Кинология орталығында бір ғана қызметтік ит болған. Қазір 23 иісшіл бар. Былтыр олардың көмегімен полицейлер 150 қылмыстың ізін суытпай ашты.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев.