Маңғыстауда балық қабылдайтын мекеме жоқ
Маңғыстауда балық қабылдайтын арнайы мекеме жоқ, деп хабарлайды 24kz.
Бұл балықшылардың қолын байлап отыр. Сол себепті Каспий балығын көбіне сатуға емес, асу үшін ғана аулайды.
Балықшылар бұдан бөлек, өздері қолмен өңдеген балыққа субсидия мөлшерін көбейтуді сұрайды. Облыстық балық басқармасы бұл мәселені қалай шешпек?
Талғат Исламұлы, тілші:
- Мир Жолдыбаев – тәжірибелі балықшы. Елу жылдан бері ата кәсіпті жалғап келеді. Теңізге шыққан сайын 250-300 келі балық аулайды. «Одан артығын сақтауға қазір пайдаланып отырған екі мұздатқыштың шамасы жетпейді. Жалпы заң бойынша бір тоннаға дейін аулауға болады. Алайда, жеуге жарамды күйде сақтай алмасаң балықшылығың бос әурешілік», - дейді ол.
Мир Жолдыбаев, балықшы:
- Біз күніне 200 келі, 300 келі аулаймыз да қайтамыз. Артық салатын жеріміз жоқ. Проблемамыз сол – бізге жағадан мұздатқыш, тоңазытқыш салса. Мен енді өңдеу зауыты сияқты басқа бірдеңелерді айтып жатқаным жоқ. Әуелі қабылдайтынын жасап алсын. Сол кезде балықшылардың бәрі де өздері үшін соған әкеліп тапсырады.
Форт-Шевчено кентінде тұратын балықшылар жақын жердегі аралға барып балық аулайды. Өйткені елді мекен іргесінде су айлағы тұр. Жан-жағы қоршаулы жерге кіруге болмайды әрі ол жерге балық та келмейді. Сондықтан қармақ ұстауды кәсіп қылғандар жағаға үлкен еңбекпен әкелген балығын тиімді бағада сатқысы келеді. Олардың пікірінше, аймақта балық шаруашылығын дамыту үшін ауланған және өнделген балыққа субсидия мөлшерін көбейту керек.
Данияр Әкімжанов, «Қазақ балық» республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының директоры:
- Әр балықшының 3-4 бригадасы бар. Сол 3-4 бригада 3-4 отбасын асырап отыр, үкіметтік қолдауларды алатын болса, олар да алға қарай қарқынды түрде жұмыстарын жүргізуге дайын.
Балықшылардың басты мәселесі балық сақтайтын орын жоқтығы екенін түсіндік. Бұл ретте жауаптылардың айтары бар. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашевтың сөзінше, аймақта балық шаруашылығын дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспары жасалып жатыр.
Арман Молдашев, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Жиырма төрт учаске 16 табиғат пайдаланушыға бекітілген. Балықшылар сол 16 субьектіге балықшы, жұмысшы болып тіркеледі. Олардың өзара шарттары бар. Олар – бизнес өкілдері. Балықшы аулаған балықтарын мына субьектілер қабылдауы керек өздері.
Тағы бір айта кетерлігі, балықшыларға тек майшабақ пен батпақай, яғни, кефаль аулауға рұқсат берілген. «Десек те, ұстауға заңмен тыйым салынған өзге де балықтар ау-қармаққа түседі. Оны алып, жағаға шықсақ айыппұл салады. Сол себепті сазан, көксерке секілді балықтарға лицензия берілсе, Маңғыстауда балықшылық кәсіптің дамуына қолдау болар еді», - дейді олар.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев