Риддер жылу электр орталығына Үкіметтен 5 млрд теңге бөлінеді

Риддер жылу электр орталығына Үкімет резервінен 5 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды 24kz.

Кәсіпорынның бу қазандықтары жаңартылып, 19 шақырым жылу желісі тартылады.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында қысқы маусымға әзірлік барысында аудандардағы және Өскемендегі жылу электр орталығындағы қазандықтар толық жөнделеді.

Шығыс Қазақстан облысында шағын қазандықтар мен жылу электр орталықтарын қысқы маусымға әзірлеуге 20 млрд теңге инвестиция тартылған. Өскеменде басты жылу электр орталығын күрделі жөндеу басталды. Еліміздегі ең ірі орталықтың біріндегі құрылыс жұмыстарына 250 мердігер жұмылдырылған. Ширек ғасыр бойы жөнделмеген бу құбырлары жаңартылып, жылу өткізу мүмкіндігін арттыру үшін диаметрі ұлғайтылып жатыр. Жұмыстар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша түскен табысқа және кәсіпорынның бюджеті есебінен жүзеге асып келеді.

Александр Дёмин, Өскемен ЖЭО техникалық директорының орынбасары:

- Биыл жөндеу жұмыстарына 5 млрд теңге бөлінді. Оның 1,8 млрд-ы ескірген қондырғыларды жаңартуға бағытталады. Қазір №13 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Елімізде қазандықтар мен жылу және су электр станцияларын жаңғыртудың ұзақмерзімді жобасы жүзеге асырыла бастады. 2035 жылға қарай олардың тозу көрсеткішін 15%-ке төмендету көзделген. Мысалы биыл Кентау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғыртуға үкімет резервінен 16 млрд теңге бөлінді. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауданда шағын жылу қазандықтары жаңартылып жатыр.

Нұрлан Рамазанов, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Бізде Үлкен Нарын, Күршім, Глубокое, Ұлан, Зайсан сияқты аудандардың барлық қазандықтарын қажетті есептеулерін жасап, қаржыландырылды. Облыстық бюджеттен қарастырып қойдық. Қазір барлық мердігер компаниялар анықталып жұмыстар басталды деп айтуға болад.

Соңғы 3 жылда Риддердегі жылу жлектр орталығында 80-нен астам ірілі-ұсақты апат тіркелді. Кемшілікті жою үшін кәсіпорынды жаңғырту міндеті тұр. Биыл жоспар бойынша қазандықтар мен турбиналар күрделі жөндеуден өтеді. Қаладағы 55 аумақтың жылу желілері жаңартылады. Маусымдық әзірлік жұмыстарынан бөлек шешімін күткен тағы  бір мәселе бар. Болашақта кадр тапшылығы болуы мүмкін. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтары пайдалануға берілгенде 1 мыңға жуық маман қажет болады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин