Қандастарға қандай қолдау бар?
Солтүстік пен шығысқа көшіп келген қандастарға мемлекет қолдау көрсетеді, деп хабарлайды 24kz.
Баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа тұрғызу мәселелерін шешеді. Отбасының әр мүшесі үшін қомақты қаржылай көмек қарастырылған.
Сол себепті сырттан келіп жатқан ағайын көп. Олар қай елдерден оралып жатыр? Биылдыққа келгені қанша?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Биыл Қазақстанға көш түзеген қандастардың көбісі Қытайдан келген. Жыл басынан бері 7 мыңнан астам қазақ туған жерге қазық қақты. Сонымен қатар іргедегі Өзбекстан мен Түркіменстаннан қоныс аударғандар көбейді.
Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар қоры» КЕАҚ шетелдегі қандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры:
- Осы биылғы жылы келген қандастарымыздың 50%-тен астамы Қытай елінен екен. Екінші орында Өзбекстан. Жалпы осы тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға қоныс аударған барлық этникалық қазақтардың 50%-інен жоғарысы осы Өзбекстан елінен болатын. Қазір мысалы Қытай елінен қоныс аударып жатқан қазақтарымыз өте көп.
Қоныс аударушылардың көбеюіне мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Үкімет қандастарға 5 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа тұрғызу, кәсіп ашуға көмектесу сынды шаралар қарастырылған.
Нұрбол Байсынов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
- Көшуге арналған шығындарды өтеу үшін әрбір отбасының басшысына және оның мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көзделген. Және ол өз үйін тұрғызып алу үшін бір жылдың ішінде оның жалдауға кететін сомасының 15-30 айлық есептік көрсеткіш арасында қаражаты төленеді.
Бұл көмектер солтүстік және шығыс өңірлерге көшіп келген азаматтарға көрсетіледі. Яғни, Үкімет тарапынан белгіленген 8 облысқа қоныс аударғандар қол жеткізеді.
Гүлмира Нұрбаева, «Отандастар қоры» КЕАҚ шетелдегі қандастармен жұмыс департаментінің басқарушы директоры:
- Жалпы ресми статистикаға көз жүгіртетін болсақ, барлық қоныс аударушы қазақтардың ең көп қоныс аударатыны оңтүстік өңірлер, Алматы облысы ғой. Ол өңірлерде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмаған. Ал солтүстік өңірлерде, мысалы, барлық бейімдеу шаралары қарастырылған.
Нұрбол Байсынов, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
- Оңтүстікте жұмысқа, жұмыс мәселесі және тұрғын үй мәселесі де өте қиын болып есептеледі, жұмыс табу қиын. Осы осыған байланысты мемлекеттік саясат қабылданған. Яғни, осы оңтүстіктен, батыс өңірлерден біздің қандастарымызды солтүстікке қоныстандыруға жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қандастардың баспана алуы үшін 4 млн теңгеден астам көмек жасалады. Арнайы кәсіптік оқуларға жолдама беріледі. Осылайша, Үкімет теріскейдегі халық санын көбейтуге күш салып отыр.
Авторы: Нұрқанат Қанапия