Ақтауда екі адамды құтқарған әскери теңізшілер марапатталды

Ашық теңізде жоғалған екі адамды құтқарған теңізшілер Қорғаныс министрі атынан марапат алды, деп хабарлайды 24kz.

Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының міндетін атқарушы Қанат Ниязбеков кеме командирі Нұрбек Талғатқа және жеке құрам мен экипаж мүшелеріне алғысын білдірді. Штурмандық жауынгерлік бөлім командасының старшинасы, аға матрос Әзімхан Әмірхановқа грамота мен бағалы сыйлық табысталды.

Әзімхан Әмірханов, Байланыс және радиотехникалық қызмет жауынгерлік бөлімінің команда старшинасы:

- 11 маусым күні сағат түнгі 00.00 кезінде бізге 2 адам жоғалып кетті деген мәлімет келіп түсті. Дереу кемеде оқу-жаттығу дабылы беріліп, белгіленген аумақта 3-4 сағаттан өте болдық. Мен таңғы төрттен өзімнің кезекшілігіме түскен едім. Сол кезде 04.48-де радиолокациялық станцияда кішігірім нысананы байқадым. Командирге дереу баяндап, сол бағыт бойынша бардық. Екі адамды тауып, судан шығарып, бірінші медициналық көмек көрсеттік.