Алакөл жағасындағы Ақши ауылын абаттандыруға ₸35 млн бөлінді
Алакөл жағалауында туристік маусым ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Биылғы жаз мезгілінде Алакөлдің Жетісу облысына қарасты бөлігіне 2 млн демалушы барады деген болжам бар. Онда қазір 200-ден астам демалыс орны жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы билік тарапынан Ақши ауылын абаттандыруға 35 млн теңге бөлінді. Қаржыға саябақтар мен гүлзарлар жөнделеді.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Әріпжан Ыдырысов шомылу маусымы кезінде Алматы облысының Тұздыбастау ауылынан Ақши ауылына келіп жұмыс істейді. Оның бұл кәсіппен айналыса бастағанына 13 жыл болды. Қазір өзінің жеке демалыс орнын салып жатыр. Бірақ мұнда электр желісін тарту қиын. Өйткені жергілікті билік жаңадан салынып жатқан пансионаттарға техникалық құжат беруді тоқтатып тастаған.
Әріпжан Ыдырысов, кәсіпкер:
- 3 жылдың арасында көршілерден алып отырдық жарық керек деп. Электр энергиясы да қазір бұл жерде оңай емес, коммерциялық баға. Ауылдыкімен есептегенде екі есе ме, үш есе ме, сондай болып шыға келеді.
Туристік маусым ашылған кезде электр желілеріне екі есе күш түседі. Сол себепті Ақши ауылының кіреберісіне 6 трансформатор қойылды. Бескөл – Ақши бағытындағы электр желілері жаңартылды. Онда бұрын 70 киловаттық болса, қазір 95 киловаттық желі тартылды. «Артылған электр қуаты жаңадан салынып жатқан демалыс орындарына беріледі», - деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағылар.
Алмас Жұмабеков, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Бескөл – Ақши бағыты бойынша бізде 110 квт жоғары кернеулі электр энергиясын беру желілеріне жобалық-сметалық құжаттамамыз дайын. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Жоба құны 10 млрд 262 млн теңге болды. Біз тиісті орындарға бюджеттік өтінімімізді жолдадық. Бюджеттік өтінім қолдауын тауып, қаражат қарастырылған жағдайда біз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге дайынбыз.
Алакөл жағалауының Жетісу облысына қарасты бөлігінде 200-ден астам демалыс орны бар. Мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалған.
Асқар Қабдолдаев, аудан тұрғыны:
- 3-4 жыл болды осы жағада несібемізді тауып жүрміз. Былтырдан бері тәртіп жасап, әкім, комиссиялар келіп, құзырлы органдар бөліп берді. Ешқандай айқай-шу жоқ. 4 тапшан, 3 шатыр, 12қолшатырым бар, сол жетеді. Маусымында енді 1,5 миллионға дейін табамыз, жасыратын түгі жоқ. Бала-шағаның киімін сонымен аламыз.
Коммуналдық шаруашылықтарға қосымша штат бөлінген. Кәсіпорын көл жағалауындағы тазалықты қамтамасыз етеді. Жетісу облысының інжу-маржанына баланған Алакөлге биыл 2 миллионға жуық турист келеді деген болжам бар. Көл жағалауына қазір демалушылардың алғашқы легі келе бастады.
Бейбітгүл Халелова, демалушы:
- Ақсуаттың Екпін ауылынан келдік. Жақсы демалып жатырмыз. Алакөлге бірінші рет келіп тұрмыз, міне. Жақсы бәрі, көңіл-күйіміз жақсы.
Дәуренбек Мұқабаев, Ырғайты ауылдық округінің әкімі:
- Жардан түсетін жағалауға арнайы орын, сонымен қатар қайықтар тұратын арнайы пирс дейміз ғой, тұрақ, соның бәрін міне, қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер өз тарапынан бізге бейнебақылау орнатып береді. Сонымен қатар осы жағажайда, өзінің алған аймағында қоқыс контейнерлері қойылады. Біз осы арқылы көл жағалауын толыққанды жаңағыдай абаттандыру, туристерге жағдай жасауды қалпына келтіруді қолға алып жатырмыз.
Ақши ауылын абаттандыру жұмыстарына 35 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға орталық саябақ пен гүлзарлар жөнделеді. Сонымен қатар кәріз жүйесін жөндеу жұмыстарының екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.
Авторлары: Ардақ Айбаұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов