Елімізге шетелден келетін туристер саны артып келеді

Қазақстандағы ұлттық парктердің туристік әлеуеті біршама артты, деп хабарлайды 24kz.

5 жыл бұрынғымен салыстырғанда тұмса табиғат аясындағы саяхатты таңдайтындар саны ұлғайған. Мәселен 2019 жылы елдегі 14 ұлттық паркке 698 мың адам барса, 2020 жылы олардың саны 898 мыңға жеткен. Араға бір жыл салып келішулер саны 2 млн-ға толды. Былтыр 2 млн 400 мыңнан астам турист барған.

Ал енді шетелден келген меймандардың санына үңілсек. Пандемияға дейін Қазақстанға 8,5 млн турист келген. 2022 жылы 4 млн 700 мың адам елді араласа, 2023 жылы келуші саны пандемияға дейінгі көрсеткіштен асып түсті. Биыл 10 млн-нан астам шетелдік мейман келеді деген болжам бар. Елішілік туризмнің статистикасы да жақсарған. 2019 жылы 6 млн 700 мың қазақстандық ел ішін араласа, былтыр олардың саны 9 млн 600 мыңнан асып жығылды. Болжам бойынша жыл соңына дейін 10,5 млн-ға жетуі мүмкін. Жалпы Дүниежүзілік экономикалық форумның саяхат және туризм рейтингісінде былтыр Қазақстан 52-орынға шығыпты. 2021 жылғымен салыстырғанда еліміз 66-орыннан 14 позицияға көтерілген.