Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған адамға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Қарағандыда "жедел жәрдем" жүргізушісін соққыға жыққан Дәкебаевтың ісі прокурорға қайтарылды.

Өйткені оған қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органы күдіктіні, жүргізушіге күш көрсетіп, бұзақылық жасады деп айыптаған еді. Енді "айыптаушының денсаулығына қасақана зиян келтіру" бабы бойынша Дәкебаев қосымша тергеледі. Онлайн режимде өткен сот процесі жарты күн жалғасты. Отырыста қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптамасының қорытындысы да жарияланды. Оған сәйкес, жәбірленуші Төреғали Берікқалиұлының миы шайқалған, мұрны сынып, қисайған және асқынған. Қабағының астынан ісік шығып, қан кеткен. Маңдайы көгерген. Комиссияның жасаған қорытындысы осындай. Сараптамада "бұл жарақаттардың барлығы қатты заттың әсерінен болған және денсаулыққа орташа ауыр зиян келтірді" делінген. Естеріңізде болса, биыл жыл басында Қарағандыда жаяу жүргінші жедел жәрдем жүргізушісін "жол бермедің" деп соққыға жыққан болатын. Оқиға орнынан тайып тұрған күдікті 4 тәуліктен кейін Қарағанды маңындағы ауылдардың бірінде ұсталды.