Оралда судан зардап шеккен 266 отбасыға пәтер берді

Оралда су тасқынынан зардап шеккен 462 отбасына баспана сатып алу жөнінде келісім-шарт жасалса, соның 266-сы пәтерлі болды.

Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың қатысуымен 3 жанұяға су жаңа пәтердің кілті тапсырылды. Жалпы Оралда 10 жарым мыңдай саяжай үйін су басса, соның 3 мың жарымы тұрғындардың жалғыз баспанасы. Техникалық тексеріс нәтижесінде 2 585 саяжай үйінің 1921-і жарамсыз деп танылды. Көп қабатты үйлерден пәтер сатып алып берумен қатар қазір қалада 450 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Анна Сидорович, қала тұрғыны:

- Былтыр ғана үй салып едік. Ол суға кетті. 7 баламен қайда барарымызды білмей қиналдық. Қалалық әкімдіктен хабарласып пәтер береміз дегенде қуанышымызда шек жоқ. Міне екі бөлмелі пәтер берді. Мемлекетке көп-көп рахмет.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Қазір біз бірінші нарықтан жаңа үйлер сатып алып жатырмыз. Бүгін келіп жатқан отбасын көріп отырмыз. Оның сыртында екінші нарықтағы үйлерден де алып жатырмыз. Қосымша қалада 450 үйдің құрылысын бастап кеттік. Ол Жұлдыз шағын ауданында, Деркөл-1 және Деркөл-2 шағын аудандарында.