Оңтүстікте шегірткеге қарсы күрес жұмыстары аяқталды
Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары аяқталды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің қатысуымен өткен шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі орталық жедел штаб отырысында өңірлердегі жағдайға қатысты есеп тыңдалды. Мамандардың мәліметінше, өңірде шегірткелердің таралу аумағы 271 мың гектарға жеткен. Ал іс жүзінде 340 мыңнан астам гектар жер өңделді. Жауаптылардың мәліметінше, қазір жағдай тұрақты. Ал Ақтөбе облысында 414 мың гектар, Қостанай облысында 140 мың гектар жер залалсыздандырылған. «Абай, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстарында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр» делінген хабарламада. Сонымен қатар Жамбыл мен Қызылорда облыстарында да өңдеу жұмыстары аяқталды.