Із-түзсіз жоғалған бұрынғы судьяға қатысты мәлімдеме жарияланды
Германияда із-түзсіз жоғалып кеткен экс-судьяға қатысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.
Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Айгүл Сайлыбаеваның ағасы мен анасы қазір Германияда.
"Біз оларға виза алуға көмектестік. Полициямен тығыз байланыстамыз. Жұмыс жүргізілуде. Жақын арада ақпарат болады деп үміттенеміз", - деді ресми өкіл. Германия қылмыстық полициясының Қазақстан Республикасының Франкфурттағы Бас консулдығына берген ақпаратына сәйкес, 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылды. Криминалистер сот-медициналық сараптама жүргізуде. Полицияның ауызша алдын ала берген ақпаратына сәйкес, сыртқы белгілері бойынша мәйіт ҚР азаматы Айгүл Сайлыбаева деп танылды. Оқиғаға қатысты өзге ақпарат тергеу мүдделері үшін жарияланбайды. Айта кеткейік, журналист Гүлмира Абықай бұрын Астана қаласы Сарыарқа ауданының судьясы болып жұмыс істеген Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткенін айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырған еді.