Газ баллонға қатысты қауіп сейілер емес
Хабарлағанымыздай, Оралдағы «Ел ырысы» базарында тұрмыстық газ баллоны жарылып, 10 адам зардап шекті.
9 адам ауруханаға түсті. 4 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір жазатайым жағдайдың жай-жапсары анықтала бастады. Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша іс қозғалды.
Оқыс оқиға кеше түске қарай базар ішіндегі мына мал сою алаңында болған. Құрбандыққа шалынған қойлардың басын үйтіп жатқанда газ баллондардың бірі кенеттен атылып кеткен. Жарылыстан жақын жердегі 10 адам зардап шекті. Екі жасөспірім балалар ауруханасына түсті, оның бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалалық көп бейінді ауруханаға жатқызылған 7 науқастың 4-і политравма бөлімінде болса, 3-і реанимация бөлімшесінде екен. Олардың денесін 91% дейін күйік шалған.
Дияс Жайлаубайұлы, Орал қалалық аурухана директоры басшысының орынбасары:
- Жағдайлары өте ауыр деп саналады. Біреуінің есті есеңгіреу, екеуінің есі анық, гемодинамикасы тұрақты, демалысы өздігінен. Емдеу протоколдары, стандарттары бар Қазақстан бойынша, барлығы сол стандарт бойынша ем жүргізіп жатыр.
Жарылыстың себебі әзірге беймәлім. Қазір қылмыстық іс қозғалды, сараптама тағайындалды. Оқыс оқиғаға қауіпсіздік қағидаттары сақталмауы себеп шығар дейді мамандар. Ауа температурасы 37 градусқа дейін көтерілген ыстықта баллондар шақырайған күннің көзінде тұрған.
Әлішер Рафих, облыстық ТЖД аға анықтаушысы:
- Газ баллонды қайдан алғаны жөнінде, қайдан толтырғаны жөнінде ақпарат нақтылануда. Арнайы мекемелер бар (солармен хабарласып, солардан газ баллондар ала аласыздар. ЖШС Алау, сондай нелер бар, арнайы мекемелер бар.
Алайда тұрғындар газ баллонды арнайы стансалардан толтыра алады деген төтеншеліктердің сөзін өзге мемлекеттік мекемелер жоққа шығарады. 2 жыл болды, қалада тұрмыстық газ құтыларын құятын, жарамдылығын тексеріп, салмағын, қысымын қадағалайтын бірде-бір кәсіпорын жоқ көрінеді. Босаған баллондар автогаз құю қосындарында қосымша ақыға жасырын толтырылады. Тиісті мекемелер түсінік жұмыстарымен ғана шектеледі.
Меруерт Жұмақанова, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Рейдтік жұмыстар жүргіземіз, стансаларға, жағар май стансаларына газ баллон толтыруға болмайды деген. Бірақ ұсталғандары жоқ. Жалпы қаламыз 99 пайызға газдандырылған болып есептеледі. Алайда газ баллонды қолдану фактілері орын алып жатады.
Бір үлкен газ баллонды толтыру құны 3 мың теңге. Енді есептей беріңіз, газдың литрі 64 теңге, бір баллонға 25 литр пропан, 1600 теңге кетеді. Үстіндегі 1400 теңге газ құйған оператордың қалтасында қалады. Әрине әрекет заңсыз, бірақ екі жақ та разы. Түптеп келгенде әбден ескірген газ құтылары бір күні болмаса бір күні сыр береді. Бұрын бұл мәселені өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті қадағалайтын, алайда 10 жыл бұрын бұл функция олардан алынып тасталған.
Бейбіт Шалабаев, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы:
- Бес жыл сайын газ баллон тұрмыстық газ баллондар техникалық куәландырудан өтіп тұру керек. Бірақ ол қазір өтіп жатыр ма, жоқ па, оған ешкім жауап бермейді. Бәрібір халық ол газ баллонды пайдаланады ғой деп есептеймін. Соны толтыратын орын белгілеп, облыстық әкімдік соны шешсе дұрыс болады деп есептеймін.
Сондай-ақ газ баллондарды пайдалану мерзімі 30 жыл болса, қазіргі қолданыстағы құтылар 1970-80 жылдары жасалған екен. Содан да шығар жыл санап жарылыс жиілеп барады. Соңғы алты жылда елімізде 474 рет газ баллоны мен газ қоспасы жарылған.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов