Елордада 1000 отбасыға әлеуметтік көмек берілді

Елордада Құрбан айт қарсаңында 1000 отбасыға әлеуметтік көмек берілді.

Астана әкімдігі, Qazaq Oil компаниясы және еріктілер азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар салынған 1000 қорапты аз қамтылған отбасыларға үлестірді.

Бұл қораптардың әрқайсысы 40 келі тартады. Оларды қасиетті Құрбан айт мейрамына орай Астана жастары өз қолдарымен қаптап, жүк көліктеріне тиеп жатыр. 27 түрлі азық-түлік пен тұрмыстық бұйымдар салынған мың қорап әлеуметтік аз қамтылған мың отбасыға жол тартпақ. Мұндай қайырымды іс елорда әкімдігі мен оның еріктілері үшін жақсы үрдіс болып қалыптасқан. 

Олжас Хамитов, "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының қызметкері:

- Осы уақытқа дейін біз Qazaq Oil компаниясымен өткен жылы, оның алдыңғы жылы дәстүрлі түрде жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін біз 10 мың азық-түлік себетіне дейін таратып тастадық. 

Әнел Елікбаева, Qazaq Oil компаниясының өкілі:

- Әлеуметтік жауапкершілікті жақсы түсінетін бизнес ретінде тек кіріс көзін көксеуді қате деп есептейміз. Сол себепті қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, мұқтаж жандарға жиі көмектесіп тұрамыз. 

Мереке сайын әкімдік базасында тіркелген жанұялар осындай жәрдемге қол жеткізіп келеді. Алдыңғысы Әз Наурызда берілсе, ендігісі Республика күніне жоспарланған. Мұндай көмек көп балалы ана Жаңагүл Қарасаеваның да шаңырағына қуаныш сыйлады. 

Жаңагүл Қарасаева, көп балалы ана:

- Қалалық әкімдікке және Qazaq Oil компаниясының еріктілеріне рақмет айтамыз. Осындай әр жыл сайын осындай өткізіліп жатқан іс шара көпбалалы аналарға, жалғыз басты аналарға, мүгедек бала асыраушы аналарға, осындай көмектер беріліп отырады. Әрқашан да алып отырамыз. Рақмет, қуаныштымыз! 

Мемлекет пен жекеменшік сектор серіктестігі былтыр 4000 отбасыға осылай көмектескен. Ұйымдастырушылар бұл межеге биыл да жетуді көздеп отыр.

Ердана Ержанұлы, Бағдат Қайыркен