ШҚО-да 70-тен астам жағажай бар
Күн ыстықта елдің көбі суға жүгіреді. Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам жағажай бар екен.
Бірақ оның бәрі бірдей қауіпсіз емес, әрине. Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында жағажайларға бақылау бар. Дегенмен көз тайып кетсе, қатер көп.
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы жазатайым жағдайдан басталды. Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 4 бала суға кете жаздады. Абырой болғанда, құтқарушылар қайғылы жағдайдың алдын алды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары халық көп жиналатын жерлерді күнде аралайды. Қазір өңірде қауіпсіз жағажайлар саусақпен санарлық.
Алтай ауданына 10-нан аса құтқарушы қызмет көрсетеді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Евгений Шыныбеков, демалыс орнының қызметкері:
- Мұндағы мәселе осында тұру керек. Кешкі сағат 6-7-ге дейін жұмыс істеп, қайтып кете алмайсың. Бұл адамдардың келуіне кедергі жасайды.
Жаздың аптап ыстығында жұмыс істеуге дайынмын деген 28 адам арнайы дайындықтан өтті. Енді еріктілер жағадағы қауіпсіздікті қадағалайды.
Жағажай құтқарушылары қанша қырағы болғанымен, бәрін бақылау мүмкін емес. Осындайда Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары көмекке келеді.
Марат Смағұлов, ШҚО ТЖД жедел құтқару жасағы бөлімшесінің бастығы
- 2-3 үйден тұратын демалыс орындары да жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Әр базада құтқарушылар мен медициналық қызметкер болуы тиіс. Құтқарушылардың жұмысы оңай емес. Олар таңертең шығып, кешке дейін белгіленген жерлерді аралап жүреді.
Бұқтырма су қоймасының ұзындығы – 425 шақырым. Мұнда құтқарушы қыз-жігіттер тәулік бойы кезекшілікте жүреді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.