Сібір бекіресі Ертіске жіберілді
Ертіс өзеніне 50 жылдан кейін Сібір бекіресін жіберді, деп хабарлайды 24KZ.
Өскеменде өткен шара кезінде салмағы 1,5 тонна болатын 500 балық қара Ертіс суына оралды. Бекіре балығын 1,5 жыл бойы Астрахань мамандары өсірген еді. Енді Ертіс суын жатсынбаса, 8 жылдан кейін алғашқы уылдырығын шашады. 1970 жылдарға дейін Ертісте бекіре тұқымдас балықтар көп болатын. Олар Солтүстік Мұзды мұхитынан Уба өзені арқылы Ертіске келетін. Кейін Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы уылдырық шашатын аумақтарға су электр станциялары салынды.
Жарқын Кабдолов, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры:
- Бекіре балығын көбейтеміз десек, жасанды жолмен жасауымыз керек. Бұрын Сібір бекіресі Ертіс өзенінде көп болатын. Енді балық аулау кезінде аналық түрінің генетикалық төлқұжаты болуы шарт және барлық санитарлық талаптар сақталуы керек.