Корея Қазақстанға өртпен күрестегі тәсілін көрсетеді
Оңтүстік Корея Қазақстанға, орман өртінің алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды 24KZ.
Корея үкіметінің өкілдері Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігімен осындай меморандумға қол қойды. Бұл туралы Сеулде Дүниежүзілік шөлейттену және құрғақшылықпен күрес күніне арналған шарада жария етілді. Құжат биологиялық алуантүрлілікті ілгерілету, орман алқаптарын жерсерігі арқылы суретке түсіру бойынша тәжірибе алмасуды қамтиды. Жиынға қатысушылардың айтуынша, жер шарының 40%-і деградацияға ұшыраған. Салдарынан әлемдегі халықтың жартысы азық-түлік тапшылығы, құрғақшылық және жаһандық жылынудан зардап шегіп отыр.
Нам Сон Хён, Корея Республикасы орман қызметінің директоры:
- Біз Қазақстанмен орман өртінің алдын алу және жою бойынша тәжірибе алмасып, зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіруге көмектеспекпіз. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттары арасындағы алмасуды нығайтып, орман шаруашылығында жаңа IT-технологияларды қолдану бойынша серіктестікті дамытуға ниеттіміз.