Тыйым салынған жерлерде суға түсу тыйылмай тұр
Ел аумағында суға түсуге болмайтыны және тыйым салынғаны туралы 6,5 мыңнан аса ескерту белгісі қойылған, деп хабарлайды 24KZ.
Алайда демалушылардың көбі оларды елемейтін көрінеді. Жаз мезгілі енді ғана басталғанмен, суға кетіп жатқандар бар. Мұндай қайғылы оқиғалар көп жағдайда қауіпті аймақтарда шомылғаннан болып отыр.
Иә, бұл – кешелі бері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан жағдай. Ұлттық ұлан сарбазының осы бір әрекеті көпшіліктің көңіліне сенім ұялатты. Оқиға қаладағы Ақбұлақ өзенінде болды. Сұңғат есімді бозбала суға сүңгіп, бел ортада қалып қойған. Өзен суының тастайлығы сонша жүзу тұрмақ, сөйлеуге шамасы жетпеген. Абырой болғанда, қырағы сарбаз жедел әрекет етіп баланы бір өлімнен аман алып қалды.
Әлішер Махмет, қатардағы жауынгер:
- Судың тереңдігі баспен секірген кезде терең, аяқ жетпейді. Шамамен 4-5 метрден жоғары. Ол кезде ағыс болды. Иә, қасында досы болды. Содан сұрадық. Күрестен келе жатқан, дала ыстық болған. Сол күні екеуі бәстескен. Судың арғы жағына жүзіп өтемін деп ақшаға бәстескен. Судың ортасына келген сәтте сіңірі тартылып қалған.
Әлішер Әли, тілші:
- Қазір елордада күн ыстық. Мұндай ауа райынан қажыған жұрт су жағасын саялайтыны белгілі. Алайда олар арнайы орындарға емес, тыйым салынған тұсқа барып суға түсіп жатады. Иә, бұл жерде шомылуға тыйым салынады деген белгі тұрсада 16 жасар боз бала досымен бәстесіп, осы жерде суға сүңгіп, жағаға өтпек болған.
Елде суға түсуге болмайтыны және тыйым салынғаны туралы 6,5 мыңнан аса ескерту белгісі қойылған. Алайда демалушылардың көбі бұл ескертулерді елемейтін көрінеді. Шомылу маусымы басталғалы, яғни 1 маусымнан бері 27 адамның ажалы дәл осы ағын судан болған. Оның жартысынан көбі – тыйым салған аумақта шомылғандар. Ал елордада 1 жасөспірім суға кетті.
Бауыржан Бекитанов, сүңгуір-құтқарушы:
- Соңғы мына Есіл бойында, Шевченко 8 де жасар бала бәрінің айтуы бойынша 15 мың теңгеге бәстескен. Судың арғы бетіне барып келем деп. Сонымен жетіп артқа келе жатқанда шыға алмай қалған. Суға арғы бетке өтем дегендер спортшылар да көбінесе өте алмайды.
Иә, екі бірдей оқиға, екі бірдей тағдыр. Екеуі де болмайтын бәстің кесірінен басын бәйгеге тіккен. Біреуі аман, ал біреуі суға кетті. Психологтың айтуынша, өзіне сенімсіз балалар ғана осындай әрекетке барады.
Ержан Мырзабаев, психолог:
- Ересектердің міндеті – балалармен бұл туралы ашық сөйлесу. Жалпы ішіндегі бәстесу қабілеті – қалыпты жағдай. Бірақ бұны әр жерде көрсете берудін керегі жоқ. Бұны жақсы жерде көрсетуге тырысу керек. Өзіне сенімді балалар бәстесуді конструктивті бағытта көрсетеді, ал сенімділігі аз, өзін бағаламайтын балалар бәсекелесуді деструктивті бағытта көрсетеді.
Балалардың дені үлкендердің бақылауынсыз шомылғандықтан, суға кетті. Ал ересектер ше? Құтқарушылар қайғылы жағдайдын көбінде азаматтар ішімдік ішіп суға түскенін айтады.
Жанат Бақытқызы, Астана қ. Сарыарқа аудандық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің бастығы:
- Қоғамдық орында ішімдік ішкен азаматтар анықталатын болса, олар полиция басқармасына жеткізіліп және әкімшілік жазаға тартылады. 440-бап бойынша. Олардың масаңдығы тарқағанша олар полиция бөлімінде болып және де ол әкімшілік жазаға тартылады.
Иә, аптап ыстықта шомылғысы келетіндер жетерлік. Алайда қатердің барын да ескерген жөн. Мамандардың айтуынша, салқын суға түскенде денеңіз лезде құрысып қалуы мүмкін. Мұндайда тыныс алу жолдары тарылып, жүрек қағысы жиілейді. Қол-аяқты қозғалту қиындап, ес жоғалтып алу қаупі бар. Сондықтан құтқарушылар адамдарға тек қауіпсіз аймақта шомылу қажеттігін ескертеді.
Авторлары: Әлішер Әли, Диас Ковланбаев.