Азық-түлік бағасын тұрақтандыруда «Цифрлық айна» жүйесі қолданылатын болды
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруда цифрлық технологиялар қолданыла бастады, деп хабарлайды 24kz.
Сауда және интеграция министрлігі пилоттық жоба бастаған. Сауда комитеті төрағасының орынбасары Гүлмира Ахметаеваның айтуынша, қазір «Цифрлық айна» деп аталатын жүйеге 83,3 млрд теңге сомасына 395 шарттың сандық көшірмесі енгізілді. Бұл бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бастан-аяқ қадағалауға мүмкіндік береді.
Гүлмира Ахметтаева, ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары:
- Жобаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жасалған келісімшарттар туралы есеп беруге міндеттеледі. Онда қандай тауар, қашан және қандай көлемде сатып алынғаны туралы ақпарат болуға тиіс. Сол арқылы келісімшартқа отырған заңды тұлғалардың деректерін де көре аламыз. Яғни, қаражат бөлінгеннен бастап қашан, қалай және қандай мақсатта жұмсалғаны қадағаланады деген сөз.