Қазақстандықтар толыққанды интернет игілігін қашан көреді?

Интернет пен ұялы байланыстың сапасына қатысты мәселе көп. Биыл алғашқы бес айдың өзінде азаматтардан 11 мыңға жуық шағым түскен, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр 21 мыңнан асты. Ауылдағы ағайынды айтпағанда ғаламтор ғаламаты кейде қалалықтарға да жетпей қалады. Алыс жолға шыққан жолаушы шаһар мен елді мекеннен алыстаса, интернет пен байланыстан ажырайды. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қордаланған мәселені жедел шешуді және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуды тапсырды. Халық толыққанды интернет игілігін қашан көреді?

Рухани Асқар, тілші:

- Интернет жылдамдығын өлшейтін ғаламдық сервистің мәліметінше, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша сәуір айында 66-орында болған. Соңғы төрт жылда трафикті тұтыну 61,5%-ке, ал абоненттер саны шамамен 13%-ке өсті. Статистика осындай. Енді өңірлердегі ахуалға келсек, бүгінде 1 424 ауылда мобильді интернет жоқ. Ал 3 684 елді мекенге оптикалық байланыс желісі тартылмаған.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Елді мекендердің бас жоспарлары мен нақты жоспарлау жобасында байланыс сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шара ретінде байланыс желілерінің тиісті инфрақұрылымы көзделді.

- Олжас Абайұлы, осыған байланысты, Сізден барлық әкімдікке байланыс операторларымен бірлесіп байланыс құралдарын орналастыру үшін бас жоспарлар мен орынды нақты жоспарлау жобасына түзетулер енгізуді тапсыруыңызды сұраймын. Келесі шара ретінде біздің еліміздегі базалық станциялардың радиосигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарау ұсынылады.

Мұндай мәселе тек шалғай елді мекендерде ғана емес, қалаларда да бар. Былтыр елдегі интернет пен ұялы байланыстың сапасына қатысты азаматтардан 21 мың шағым түскен. Биыл алғашқы 5 айдың өзінде бұл көрсеткіш 11 мыңға жуықтап отыр. Сондай-ақ шекарадағы өткізу пунктерінде байланыстың сапасы тұрақсыз. Байланыс операторлары тариф құнын жиі көтереді. Салдарынан нарықта бәсекелестік жоқ.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс. Сондықтан байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екені белгілі. Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді.

Сапасыз интернет мектептердегі білім үрдісін де тежейді. Бірақ қордаланған мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Starlink жайына тоқталайық. Биыл 2 мыңға жуық мектеп SpaceX компаниясының технологиясы арқылы осы спутниктік интернетке қосылады. Қазір 1485 білім ошағы оның игілігін көріп отыр. Салалық министрлік ауқымды 3 ірі жобаны да пысықтап жатыр. Соның бірі – Каспий теңізінің түбіне талшықты оптикалық байланыс желісін төсеу. Бұл мақсатта «Қазақтелеком» мен «Әзіртелеком» компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құрылған.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- Кем дегенде 32 оптикалық талшық салу жоспарлануда. Желінің максималды өткізу қабілеті секундына 400 трбт-ке дейін. Суасты талшықты оптикалық желінің мақсаты біріншіден, Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін интернетке қатынаудың жаңа бағытын қалыптастыру, екіншіден, Қытай-Еуропа, Орталық Азия, Еуропа – Қазақстан халықаралық транзитіне арналған мартшурт қалыптасады.

Алдағы үш жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 3 010 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылады. Операторлардың күрделі шығындарының 50%-і субсидияланады. Нәтижесінде 2,4 млн тұрғын сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Жиында Премьер-министр елімізде 5G байланысын іске қосу сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Қазір 20 қаладағы 3 млн-ға жуық тұрғын жүйрік желінің игілігін көріп отыр. 1144 базалық станса орнатылған. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жалғасады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ержан Қанапияұлы