Қостанай және Ақтөбе облыстарында шегірткенің таралуын бақылау күшейтіледі

Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы Ресеймен шектесетін аумақтарда шегіртке үйіріне бақылау күшейтіледі.

Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі орталық жедел штаб отырысында Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов айтты. Қауіпті аймақтар қатарына жататын Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына өңірдегі шегірткеге қарсы күрестің штаб-пәтері көшіріледі. Ал, Қостанай облысындағы Жангелдин және Қамысты аудандарында көшпелі шегіртке үйірін жедел өңдеу үшін 21 техника жұмылдырылады. Сондай-ақ осы аймақтың Жітіқара және Денисов аудандары да қатаң бақылауға алынады. Тиісті ведомствоның хабарлауынша, қазір Ресеймен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, Қытай және Өзбекстанмен шекаралас аймақтар зерттеледі.