Көкшетауда 63 отбасы баспаналы болды
Пәтер кілттері көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін осы санаттағы 800-ден аса жанұяны баспанамен қамту көзделген.
Жаңа пәтерге ие болған жандардың қуанышында шек жоқ. Себебі, олар осы күнді көп күткенін айтады.
Гүлнар Қажыахметова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Үйді көрдім. Көңілімнен шықты. Кезекке тұрғалы 8 кішкентайым болған. Өзім «Алтын алқа» белгісін алған жалғызбасты анамын. Қуаныш көңілге сыймай жатыр. Өзім сенер-сенбесімді де білмеймін. Кеше пәтерді көріп, кіріп шықсам да, әлі сене алмай жүрмін.
Бір ерекшелігі, жаңа баспаналар арнайы бағдарлама бойынша нарықтық бағада сатып алынған. Осы мақсатта облыс қазынасынан 16 млрд теңге бөлініп отыр.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Мұны біз тауар ретінде таңдап, тұрғындар кіріп, баспанаға ие болған біздің азаматтар келіп, бүгін кілтін алды, бірден тұруға мүмкіндігі бар. Жаңа стандарттар бойынша есігі, төсеніш, сантехникасы бәрі құралған, су бәрі тартылған. Сол келіп, жиһаздарын қойып, тұра беруге мүмкіндігі бар. Бұл бірінші. Екінші – кейіннен бұл үйді жекеменшікке аударуға толық мүмкіндік бар.
Қазір өңірде осы санаттағы 15 мыңнан астам отбасы пәтер кезегінде тұр. Бұл отбасыларды кезең-кезеңімен баспанамен қамту көзделіп отыр. Ал, аталған бағдармалама аясында биыл кезектегі тұрғындардың 30%-і қоныс тойын тойлайды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко