Утильалым бойынша жұмыс тобы Алматыда бас қосты

Утильалым бойынша петицияны қарайтын жұмыс тобының мүшелері Алматыға келді, деп хабарлайды 24kz.

Министрлік өкілдері мен депутаттар мегаполистегі ірі автоөндіріспен танысты. Жұмыс тобының мақсаты – петицияда көтерілген сұрақтарды ашық әрі жан-жақты қарастыру. Арнайы ұйымдастырылған пресс-турда толық циклді автокөлік өндірісі таныстырылды.

Жұмыс тобы әуелі коммерциялық техника шығаратын Hyundai Trans Almaty заводында болды. 300-ден астам адам еңбек ететін өндірісте бизнеске қажетті көліктер жасалады. Ал жеңіл көлік шығаратын Hyundai Trans Kazakhstan зауытының мүмкіндігі мол. Бұл жерде жылына 50 мың көлік шығарылады. 1300-ден астам жұмысшысы бар. Кәсіпорынның ауқымы тағы да ұлғайтылмақшы. Ал, келесі жылдан бастап Қытайдың төрт брендін шығаратын толық циклді мультибрендті зауыт іске қосылады.

Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:

- Утильалымның бір жағы ол – экология. Экологияны реттеу, экологияны жаңарту. Екінші жағыөндірісті қорғау. Басты мақсат – өндірісті дамыту, сапалы жұмыс орнын көбейту. Біздің қазақтарымыз сапалы білім алып, білімді жоғары маман болып, олар бәсекеге қабілетті болу керек.

Жұмыс тобының құрамында Мәжіліс депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері және тағы бірнеше министрлік өкілдері бар. Олар петицияда көтерілген сұрақтарға жауап берді.

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Еліміздің Экологиялық кодексінде утильалымның игерілетін 14 бағыты белгіленген. Оның барлығының мақсаты бір, ол – еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту. Мысалы, қоғамдық көліктер сатып алынды, ауылшаруашылық техникалалары жаңартылып жатыр. Қаражат ашық игеріліп жатыр.

Утильалымнан жиналған қаражат «Жасыл даму» мемлекеттік мекемесі арқылы игеріледі. Нақтырақ айтсақ, жыл басындағы жинақ 274 миллиард теңгеге жеткен. Аstana Motors компаниясы басшыларының айтуынша бүгінгі пресс-турға барлық тараптар шақырылған. Дегенмен, петицияның бастамашылары келген жоқ.

Бекнұр Несіпбаев, автокөлік компаниясының бас директоры:

- Жұмыс ашық болу үшін БАҚ-ты осы жерге шақырдық. Жиырмадан астам БАҚ өкілдері тіркеуден өтті. Біз келген қонақтардың бәріне ұялы телефонға түсіруге рұқсат берген болатынбыз. Және үш каналдан онлайн таратып отырдық. Біз осы талқыланып жатқан ахуалды ашық сөйлесуге дайынбыз. Өзіміздің зауыттарымыздың қалай жұмыс істеп жатқанын бәрін көрсетуге дайынбыз.

Еліміздегі көлік шығаратын 8 зауыттағы отандық локализация үлесін 2027 жылы 50%-ке дейін жеткізбекші. Ал, утильалым алынып тасталса, жұмыс орындары қысқарады. Қазіргі таңда осы зауытта жұмыс істейтін мамандар тұрақты жалақымен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Оған қоса, білімдерін толықтырып, біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов