Кентауда жылу орталығы толық жаңартылады
Кентауда жылу энергия орталығы толық жаңғыртудан өтеді.
Оған биыл Үкіметтен 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қазір жылу орталығындағы 6 қазандық жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар жылыту маусымына дейін толық аяқтала ма? Биыл қанша қазандық іске қосылады?
90 жылдық тарихы бар Кентау қаласындағы жылу электр орталығы 1934 жылы іске қосылған. Қондырғылар 1952 жылы орнатылған. Жылу орталығының ғимараты әбден тозған. Талап бойынша қазандықтар әр 5 жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп тұруы тиіс. Алайда соңғы 11 жылда мүлдем жөндеу көрмеген. Тек өткен жылы ғана 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтсе, 4-не қайта құру жұмыстары жүргізілді. Алайда желтоқсан айындағы қатты дауыл салдарынан жарық сөніп, қазандықтар істен шыққан болатын. Қазір қайта жаңғыртылуда.
Төлеу Әшірхан, жылу орталығы басшысының орынбасары:
- 8-11 қазандықтар қазір 90% жылуға дайын. Енді 10% жұмыстары қалды, солар бітсе, онда 2 қазандық дайын болады. 9-10 қазандық қазір нөлден бастап жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарашаға дейін бітіру керек. Сонымен 4 қазандық дайын болады. Одан кейін 7-12 қазандық ол да жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ биыл 5-6-шы қазандықтар да қайта құрылымдаудан өтеді. Мамандар жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын айтады. Олар резервте тұрады. Өткен жылы 6,6 шақырым жылу құбыры ауыстырылса, биыл тағы да 14 шақырымы жаңартылмақ. Бұдан бөлек, биыл су айдайтын 4 насос жөндеуден өткен.
Ғалымжан Төлепов, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:
- Сығымдау жұмыстары барлық үйлерде жүргізілді. Біздің міндетіміз, ТЭЦ-тің жылуды көпқабатты үйдің жертөлесіне дейін жеткізіп беру. Ары қарай ішкі кімде ахауы бар, олардың бәріне қолдарына хаттамасын толтырып, халыққа таратып бердік. Биылғы жылу маусымына біз 4 жаңа қазандықпен және 2 ағымдағы жөндеуден өткен 6 қазандықпен кіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ол біздің Кентау қаласын жылумен қамтуға толық мүмкіндік береді.
Жалпы жылу орталығын жаңғырту жұмыстарына 90 адам жұмылдырылған. Олар алдағы жылу маусымына дейін жұмысты толық аяқтап, тапсыруы тиіс.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығындағы жылу құбырларының ұзындығы 169 шақырым. Орталық жылу маусымында 14 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 350-ге жуық көпқабатты тұрғын үй, 100-ден аса бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2 мыңнан аса жеке тұрғын үй бар. Қазір алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш