Таразда суға шомылушыларды дрон қадағалайды
Жамбыл облысында масаң күйде суға шомылғаны үшін 200 адамға айыппұл салынды.
«Спирттік ішімдік ішіп өзенге түскен тұрғындар өз өмірін қауіпке тіккенмен бірдей», дейді құтқарушылар.
Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алу үшін, қызметкерлер санын арттырып, күнделікті рейд ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарға дрон қолданылуда.
Бұл кадрлер күні кеше түсірілген. Талас өзені маңында тұрғындарға ескерту қағазын таратып жүрген Айдос Әбілдә кәмелетке толмаған қос қыздың суға аққанын байқайды. Ойланбастан тереңдігі 2,5 метр болатын ағысы қатты өзенге сүңгіп кеткен. Сөйтіп 10 және 12 жастағы екі қызды құтқарып қалды.
Айдос Әбілда, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Екі қыздың су ағысымен ағып келе жатқанын байқадым. Бастапқыда без паника келе жатты. Жақындаған кезде қыздардың айқайы басталды, құтқарыңдар помогите деп. Соны естіп қыздардың алдынан арыққа қарай секіріп су ағысынан жағаға қарай шығарып құтқардық.
Мерей Бает, тілші:
- Шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар күнделікті өзен бойын аралап рейд жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындар көбіне Талас өзеніне келіп шомылады. Бірақ қатты ағысын аңғара бермейді, дейді мамандар. Сондықтан қайғылы жағдай болуы әбден мүмкін деп отыр. Құтқарушылар сол себепті жазатайым оқиға болмас үшін, тек қана рұқсат етілген жерге шомылуға шақырады.
Жыл басынын бері департамент мамандары 900-ге жуық рейд ұйымдастырып, 16 000 ескерту қағаздарын таратты. Бірақ ескертуді елемегендер де бар. 6 ай ішінде 4 адам суға батып қаза болды. Сондықтан құтқарушылар полициямен бірігіп шара қолдануға көшкен.
Жалғас Абдуалиев, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Жалпы жыл басынан бері мынау масайған күйде суға түскені үшін 200 адамға 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал 412- бап бойынша 10 адамға айыппұл салынды. онда 150 мың теңгеге жуық ақшаға.
Қазір қала бойынша екі стационарлы және бір мобилді құтқару топтары жұмыс істеуде. Шомылу маусымына орай оларға тағы 3 топ қосылады. Құтқарушылар бақылау жұмыстарына дронды пайдалана бастаған. Бұл адам көзі жетпейтін маңдарды әуеден бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы облыс аумағында 100-ден аса өзен мен 140-қа жуық тоған болса, соның тек 13-інде шомылуға рұқсат етілген.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә