Биыл Алакөл жағалауында үш лагерь жұмыс істейді
Биыл Алакөл жағалауында үш жазғы лагерь жұмыс істейді.
Онда Жетісу облысының түкпір-түкпірінен 1500 оқушы келіп демалады. Бір лагерь мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға арналған.
Туристік маусым кезінде көл жағалауында тынығып, демалғысы келетін оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
Жетісу облысында қазір барлығы 12 лагерь жұмыс істеп тұр. Соның үшеуі Алакөл жағалауында орналасқан. Онда биыл 1500 оқушы жазғы демалысын өткізеді. Лагерь директоры Әлия Смағұлованың айтуынша, мұнда бұрын кәсіптік техникалық училищенің «Жалын» атты лагері болған. «Біз сол атауды сақтап қалуды ұйғардық. Асханамызда әзірленген тәтті тағамдар балалардың көңілінен шығады деген ойдамыз», - дейді ол.
Гүлнар Әлпейісова, аспаз:
- Бір кезеңде біз 80-100 баланы жібереміз. Құжаттарымыз бәрі дұрыс, санменюмен бәрі дұрыс болады. Калькуляция бойынша біз балаларды тамақтандырамыз.
Жағажай аумағы белгіленіп, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судың түбін тазартты. Жергілікті әкімдік шомылуға арналған орынды тегістеу жұмыстарын жүргізуде.
Әлия Смағұлова, лагерь директоры:
- Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында. Оған бәріміз жұмыс жасаймыз. Жетекшілер де, дене шынықтыру мамандары да, жүзу бойынша әдіскер бар бізде, сол кісі де, әрине мен өзім де, түгел осында келіп балаларды қарап отырамыз. Құтқарушылар болады міндетті түрде. Олар буйдың ар жағында қайықпен болады. Біз жағада, олар көлдің ішінде, екі жақтап балаға қарап отырамыз.
Ал «Жансая» лагерінде айрықша жағдай жасалады. Өйткені мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар тынығады. Олармен бірге ата-аналары да болады.
Бағдагүл Баякенова, "Жансая" лагерінің директоры:
- Енді бұл жерде әртүрлі мамандар жұмыс жасайды балалармен. Жеңіл диагнозбен келгендіктен логопед бар, психолог бар, дене тәрбиесі нұсқаушысы бар. Жаңағы жүзу бойынша нұсқаушы бар. Невропатолог врачтар бар. Жазғы демалыстарын жақсы өткізуге барлық жағдай жасалған.
Әсет Ыбрайымов, Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы:
- «Жаз – 2024» деген бағдарлама құрылған болатын. Сол бағдарлама аясында бізде оқушылардың жазғы демалысына арналған арнайы жоспарымыз бар. Сонымен қатар біздің ауданда 44 мектеп бар, орта мектеп. 44 мектепте 9561 бала мектеп жанындағы лагерьлерде өзінің жазғы уақытын өткізеді, демалысын.
«Шағала» лагері биылғы жаз мезгілінде 800 оқушыны қабылдайды. Мұнда балалар шілде айында келе бастайды. Жетісу облысы бойынша 100 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлерде демалады.
Ардақ Айбарұлы, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов