Ойын бизнесін реттейтін арнайы комитет құрылады

Елде құмар ойындарға арналған 2 млн аккаунт тіркелген.

Спорт және туризм министрлігінің маманы осылай дейді. Қазір онлайн казинолар бұғатталып жатыр. Жаңа Заң жобасына сәйкес, лудоманиямен күрес шаралары күшейтіледі. Сонымен қатар министрлікке қарасты ойын бизнесі және лотореяны реттеу комитеті құрылады.

Жүзін көрсетпеуді өтінген бұл жігіт дағдарыс орталығында психологиялық көмек алып жүр. Айтуынша, құмар ойынға салынып, құрдымға кете жаздаған. Спорт ойындарына бәс тігіп, барынан айырылған. Кейін туыстары мен достарын да шығынға батырыпты. 

- Лудомания - 100% ауру. Потому что зиян тигізеді сенің өміріңе. Не только сен, сенің айналаңдағыларға зиян тигізеді. Егер мен осы жерге келмейтін болсам, ойнайтын едім әрі қарай. Сол ойында бастасам, әрі қарай кететін едім, микрозайм, кредит, ломбард. 

Астанадағы дағдарыс орталығында қазір 40 шақты адамға қызмет көрсетіліп жатыр. Психологтың сөзінше, олар құмар ойынды қаржылық жағдайды жақсартудың жалғыз жолы деп ойлаған.

Нұрсұлтан Жанысбаев, психолог:

- Құмар ойынға салынғандар өзінің жеңісіне сенеді. Ал жеңілсе, кері шегіне қоймайды. Сол арқылы барлық қиындықтан құтылғысы келеді. Бізге ем алуға келгендерге психологиялық көмек беріп жатырмыз. Ем-шарадан соң көбі бәс тігуден біржола бас тартады. 

Мамандар елде құмар ойындарға арналған 2 млн аккаунт бар екенін айтып отыр. Оңай олжа табуды ойлағандардың көбі онлайн казинодан опық жейді. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Интернетте онлайн казинолардан көз сүрінеді. Олардың бәрі бірдей бонус беріп, баурауға тырысады екен. Ойыншылар сол мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Алайда құмдымға апаратын алғашқы қадам екенін аңғармайды, дейді мамандар. 

Жыл басынан бері елімізде 6 мыңдай онлайн казино бұғатталған. Сонымен қатар 32 ойын мекемесі лицензиясынан айырылды. 

Мақсат Шуанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің бас сарапшысы:

- Оның ішінде 28 бухмекерлік кеңсе, 8 тотализатор, 2 ойын залы автоматтары. Тексеру барысында кемшіліктер анықталып, лицензиялары тоқтатылды. Екі миллиондай аккаунт болса, екі миллион адам деген сөз ол. Қазақстан халқы 20 млн болса, балаларды алып тастағанда ересектер 14 млн. Сонда халықтың 10-15 пайызы болып тұр (лудоман). 

Қоғамдық орындар мен әлеуметтік желілерде құмар ойындарға қатысты мәліметтер менмұндалап тұр. Әзірленген Заң жобасында осындай жарнамаларға тыйым салу қарастырылған. Талапты бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Сонымен қатар 25 жасқа толмаған кез келген адам бәс тіге алмайды. Ойын бизнесі мен лоторея қызметін ретке келтіру үшін арнайы комитет құрылмақ. 

Мақсат Шуанов, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің бас сарапшысы:

- Комитеттің қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық актілері дайындалуда. Алдағы уақытта құру жоспарлануда. Министрліктің ішінде кішкентай басқарма болды. Оған мамандар жеткіліксіз болды. Басқа да ресурстар жеткіліксіз болды. Сондықтан Президенттің тапсырмасы бар. Алдағы уақытта құрылады (комитет). 

Лудоманияның салдары миллиондаған шығынмен шектеле қоймайды. 2022 жылы елде 3 мыңнан астам адам суицид жасаса, соның әрбір бесіншісі құмар ойынға тәуелді болған. Қоғам дертінің одан әрі дендемеуі үшін шектеулерді күшейту қажет, дейді мамандар. 

Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап