Ақтөбе облысында шегіртке улау жұмыстары жүріп жатыр

Ақтөбе облысында үйірлі шегірткені улау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Мәселен, Әйтеке би ауданында биыл 307 мың гектар жерді химиялық өңдеу жоспарланған. Маусымдық науқанға түрлі техникамен қатар әуе көлігі де жұмылдырылды. Мамандар жәндіктердің қанаты қатайғанша жоюды көздеген.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Итальяндық шегірткелердің әлі қанаты шыға қоймаған. Дәл осындай сай салаларда топтасып жүр. Сондықтан бірінші мамандар жаяу аралап өтіп, үйірлердің жиналған орындарын анықтап, мынадай электрондық картада белгіленеді. Одан кейін ұшақтың немесе автокөліктің көмегімен у себіледі.

Сержан Жалғасбаевтың шаруа қожалығы Әйтеке би ауданының Жамбыл ауылы маңында. Шамамен 5 мың гектар жерге дән сепсе, 5 мың гектар шабындық пен төрт-түлік өрісі бар. Сондықтан аудандағы әріптестерімен бірігіп, зиянкестермен күреске бел шеше кіріскен. Ертемен алқаптарды аралап, шегірткенің ошағын іздейді. Дер кезінде көзін құртпаса, ауылдағы шаруалар сан соғып қалуы мүмкін.

Сержан Жалғасбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Шегірткенің 500 гектар жерді санаулы сағатта тып-типыл еткенін көрдім. Түнімен бірнеше егіс алқабын, шабындықтарды жойып жібереді. Бұл жәндіктерден келер зиян көп.

Зиянкес жәндіктің дернәсілдері маусымның басында байқала бастаған. Сондықтан химиялық өңдеу жұмыстары бірден қолға алынды. Қазір 62 мың гектар жер қамтылған. Жоспар бойынша тек Әйтеке би ауданының өзінде үйірлі шегірткелерге қарсы 307 мың гектарға жуық алқапқа у себіледі.

Нұрсұлтан Жәкен, Әйтеке би аудандық өсімдікті қорғау және карантин бойынша мемлекеттік инспекторы:

- Қазіргі уақытта осы ауданымыз бойынша 8 аэрозольді генератор, 19 жерүсті бүріккіш техникасы және де әуемен 5 АН-2 жұмыс жасап жатыр. Жалпы осы ауданымыз бойынша егістік жерлерге, басқа шаруашылық жерлерге келер қауіп жоқ. 

Дегенмен мамандар: «Зиянкестер Ресейден ұшып келуі ықтимал», – дейді. Сондықтан шекара сызығы шектеу бола алмайтын зиянкестерді жою көрші елдегі әріптестерімен бір мезгілде жүргізілмекші.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.