«Ұлттық мүдде» алаңындағы кезекті отырыс өтті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Онда сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен және сарапшылармен бірге қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Қоғамды жалпыұлттық мақсаттар мен ортақ құндылықтарға жұмылдыру – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жасампаз күн тәртібін іске асырудың және ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттілікті сақтаудың негізгі шарты.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Президентіміз жариялаған идеологиялық тұжырымның өзектілігі де осында. Бұл жалпы адамзаттың ауқымдағы құндылықтар тізбегі десек, қателесе қоймаспыз. Сонымен қатар бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілік пен тұлғалық дамуды қатар дәріптеумен де маңызды.

Палата спикері көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу және бұл құндылықтарды жастардың бойына сіңіру үшін креативті индустрияны тиімді пайдалану маңызды екенін айтты.

Элина Масагутова, «Қоғамдық келісім» РММ директоры:

- Сенат, басқа да қоғамдық ұйымдар осы бағытта өз күш-жігерін салып, түрлі жобаларды шығарып, осы құндылықтарды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда ҚХА XXXIII сессиясында айтқан құндылықтар қоғамға сіңу керек.

Шахмұрат Ордабаев, актер:

- «Ұлттық мүддеде» бүгін көтеретін тақырыбым – ол тіл мәселесі. Әсіресе медиа саласында, әртүрлі платформаларда, сонымен қатар жасанды интеллектінің қолданылуы сияқты маңызды мәселелерді көтеріп, оның шешімі туралы ақыл-кеңес есту, тыңдау.