Кентаулық оқушы Президент алғысына бөленді

Тасқын кезінде Құлсары халқына қол ұшын созған кентаулық оқушы Гауһар Шаймерденнің өнегелі ісі есіңізде ме? Жүрегі жомарт жан бүгін Мемлекет басшысының алғысына бөленді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаршадай қыздың ісіне сүйсініп, ата-анасына саналы ұрпақ тәрбиелегені үшін ризашылығын білдірді. 11 жастағы Гауһар «Хабар» арнасындағы «Біз біргеміз» телемарафонында көпке үлгі болған бұл әрекетінің себебін түсіндірген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Презизенті:

- Мен Кентау қаласында тұратын Гаухар Шаймерлен есімді оқушы қызды ерекше атап өткім келеді. Ол өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударған. Осылайша, шын жүректен елге көмектесуді ойлаған Гаухардың ата-анасына отаншыл ұрпақ өсіріп жатқанына алғыс айтамын.  

Президент алғысына бөленген кентаулық оқушы сәуір айының соңғы күнінде «Хабар» арнасының студиясына келген. «Біз біргеміз» атты телемарафонға қатысқан Гауһар Мемлекет басшысының назарына осылай түссе керек. 11 жастағы қыз тасқын кезінде ауруханада жатқанын, телефон арқылы Құлсарыны су басқанын көріп, жанына қалай батқанын айтып берді.

Гауһар Шаймерден, Кентаулық оқушы:

- Сөйтіп, мен мамама: «ертең Құлсарыға көмек ретінде «копилкамды» апарып берейінші», – дедім. Сөйтіп, мен сияқты балалар аш қалмасыншы, солар тойып жүрсінші дедім. Сосын мамам жарайды деді. Солай біз «копилканы» апарып бердік.

Осылайша, Гауһар Кентаудағы гуманитарлық жүк жөнелтетін пунктке келіп, жинаған азын-аулақ ақшасын табыстады. Сол жердегі көмекті қабылдаушылар да, ізінше күллі Қазақстан да қаршадай қыздың ісіне сүйсінген-ді.      

Гүлшат Елқондиева, Гауһар Шаймерденнің анасы:

- Иә, 5 қыз. Гауһар – төртіншісі. Бір ұл. Үлкенім – ұл, төртінші қыз. Бұның бәрін әжесі берді. Әжесінің тәрбиесі. Әкесінің тәрбиесі. Сол енді өзіміз көп балалы ана боп, бала-шаға көп болғаннан кейін өте мейірімді қыз боп өсті. Мен өзім сол әжесіне алғыс айтам, сол кісінің арқасы осындай биікке шығып жатқанына. Бүкіл қазақ елі Гауһардың әжесіне алғысын білдіріп жатыр.

Телемарафон кезінде жүрегі жұмсақ, кең пейілді оқушыға «Хабар» агенттігінің атынан смартфон сыйға тартылды. Ал Мемлекет басшысы болса Гауһар лайықты марапатын Республика күні алатынын жеткізді.

Авторы: Бақыт Топтаева.