Алматыда мопед мінгендер 321 рет жол апатына түскен

Жыл басынан бері Алматыда мопед мінгендер 321 рет жол апатына түскен, деп хабарлайды 24KZ.

Салдарынан 5 адамның өмірі қиылды. 300-ден астам адам әртүрлі жарақат алды. Оның басым бөлігі – өрімдей жастар. Патрульдік полиция қызметкерлері күндіз-түні алдын алу шараларын атқарғанымен, апатқа ұшырағандар саны азаймай тұр. «Мопед жүргізушілерін жөнге келтіретін бір ғана амал бар. «Жол қозғалысы туралы» заң қабылдау қажет. Сонда қос дөңгелекті техниканы тізгіндегендер тәртіпке бағынатын еді», – дейді тәртіп сақшылары.

Мына мопедтің жүрісінен адам шошиды. Жол ережесін бұзып бара жатқаны айдан анық. Бірақ оны жауапқа тарту қиын. Себебі мемлекеттік тіркеуде жоқ. Нөмірі тағы жоқ. «Мұндайлар жетіп артылады», – дейді тәртіп сақшылары. Әзірге олар рейд жүргізіп, құжат тексерумен ғана шектеліп отыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Алматылық мамандандырылған патрульдік полиция қызметкерлері бір сағаттың ішінде 20 шақты мопедті тоқтатты. Соның екі-үшеуінің ғана құжаттары дұрыс болып шықты. Ал қалғандарының сатып алу құжаты жоқ. Мұндай жағдайда мопедтер арнайы техникаға тиеліп, айып тұрағына жеткізіледі.

Рейд кезінде жол ережесін бұзудың қаншалықты қауіпті екенін де түсіндірді.

Алжан Кенжебаев, патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны командирінің орынбасары:

- Көріп тұрсыздар, барлығы – жастар. Мопед жүргізудің ережелерін білмейді. Бағасы қолжетімді болған соң алып мініп алған. Тіпті жалға береді. Бірақ одан келетін қауіпті ойлағысы келмейді. Ата-аналардан балаларын қадағалауды сұраймыз. 

Алматылық Николой Ускимбаев А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алғысы келеді. Автомектепте оқып, емтихан тапсыруға келген беті. «Жол ережесін білмесең, өзгенің де, өзіңнің де өміріңді қатерге тігесің», – дейді. 

Николай Ускимбаев, қала тұрғыны:

- Мопедпен жүргенде жол ережесін қол қимылдары арқылы көрсету керек. Бұрылыс, тоқтау, жүру, өтіп кету сияқты белгілерді әбден жаттап алдым. Мопед, мото, самокат. Осының бәрі жол қозғалысының қатысушылары. Бәрімізге жол ережесі бірдей. Кейде солар жол ережесін бұзып жатқанда ішің ашиды.  

Николой емтиханды сәтті тапсырып шықты. Мамандар: «А және А1 санатын алғысы келетіндердің саны артты», – дейді. Оған даярланып жатқан заң жобасы түрткі болғаны даусыз. Жаңа ережеде мопед қозғалтқышының көлемі есепке алынбайды. «Барлығы дерлік тіркелуі қажет» деп көрсетілген. 

Әйгерім Жұманова, №1 мамандандырылған ХҚКО маманы:

- Қазіргі таңда осы А1 санатына кіретін көлік құралдары – ол 50 текше метрден жоғары көлік құралдары. Осы көлік құралдарын тізгіндеу үшін міндетті түрде азаматтарды А1 санаты жүргізуші куәлігінде болуы қажет. А1 санатын 16 жастан бастап алуға болады. Яғни, кез келген Қазақстан азаматы немесе шетел азаматы, Қазақстанда тіркеуде бар, дейміз ғой, міндетті түрде осы тіркеуде бар азаматтар жүргізуші куәлігін алуға құқығы бар.

Нұсқаушылардың айтуынша, оқып келдім дегендердің өзі емтиханды әрең тапсырады. Күніне 15 адам келетін болса, соның үшеуі ғана өтеді. Ал патрульдік полиция қызметкерлері: «мопед жүргізушілерінің қатысуымен көлік апаты көбейе түсті», – деп дабыл қағып отыр. Көбі тіркелмеген соң нақты саны да белгісіз. Бейресми дерек бойынша Алматыда 40 мыңнан астам мопед бар көрінеді. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Кенже Амраев.