9 облыста құбыр жүргізу жұмыстары жүріп жатыр

Су – тіршілік көзі. Ал халықты таза ауызсумен қамту – басты міндет.

Денсаулық, әлеуметтік ахуал, күнделікті тұрмыс-тіршілік, азық-түлікті пайдалану бәрі тіршілік нәрімен байланысты. Сәйкесінше Үкімет алдағы 1,5 жыл ішінде халықты 100% таза ауызсумен қамтимыз деп отыр. Кешенді іс-шаралар қолға алынды. Биыл 5 қала, алдағы жылы 19 шаһар сумен толық қамтылады. Ауылдағы ағайынның ахуалына ерекше көңіл бөлінеді.

Елімізде қалалықтардың 98,9%-і, ал ауылдағы ағайынның 96,6%-і сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. Қазір 9 облыста құбыр жүргізу және реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес биыл бұл бағытқа республикалық бюджеттен тағы 218 млрд теңге қарастырылған. Оған 324 жоба жүзеге асырылады. Ал 2025 жылдың соңына дейін қалған 19 қала мен 1 126 ауылдың тұрғындары түгел таза тіршілік нәрімен қамтылады. Оның ішінде 316 ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылады. Ал қалған елді мекендерде халық саны 200-ден кем болғандықтан, кешенді блок-модульдер орнатылады.