Түркістан облысында жаз басталғалы 64 дала өрті тіркелген
Түркістан облысында 40 градусқа дейін аптап ыстық болады, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандар өрт көбейіп кете ме деп алаңдайды. Жаз басталғалы орман өрті және 64 рет дала өрті тіркелген. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кей аудандарда тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары мардымсыз екенін айтады. Әкімдік қызметкерлері ақпарат беруге құлықсыз. Жолдардың жиегін жырып, өртке қарсы минералды жолақ салу жоспарға сай жүргізілмеген. Одан бөлек, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салу мәселесі де көңіл көншітпейді. Төтеншеліктер өткізген арнайы жиында облыс басшысы бұл мәселенің басты назарда болатынын айтты. Жауаптыларға олқылықтарды тез арада жоюды тапсырды.
Бекболат Төреқұлов, облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
- Өрттің алдын алуда өте маңызды болып табылатын минералды жолақ жырту жұмыстары әлі күнге дейін кейбір аудандарда толық жүргізілмеген. Облыс көлемінде 2227 шақырым жолға жүргізілуі тиіс. Бұл ретте Бәйдібек, Шардара, Арыс, Сарыағаш, Сайрам, созақ аудандары аумағында бірқатар жолдарда минералды жолақ жүргізілмеген.