«Ұлттық қор – балаларға»: 18 жасқа толғандарға $952 мың берілді

Адам капиталын дамыту – қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт.

Осы бағытта Президент пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді. Соның бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. 1 маусымдағы мәлімет бойынша бағдарлама аясында биыл 18 жасқа толғандарға 952 мың доллар берілді. Қаражаттың жарысынын көбін жастар білім алуға жұмсаған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері айтты.

Қазір елімізде 7 млн-ға жуық бала бар. Оның ішінде 300 мыңнан астамы биыл 18 жасқа толады. Олардың барлығына Ұлттық қордан 100 доллар 52 цент көлемінде қаржы бөлінді. 1 маусымдағы жағдай бойынша қаражатты алу үшін зейнетақы қоры 9 503 өтінішті қабылдады. 

Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 458 мың доллар берілді. Бұл – 4 572 құжат. Қаражатты алуға ең көп өтініш Шымкент қаласынан түскен. Екінші орында Қызылорда облысы, аймақта 18 жасқа толғандарға жиыны 59 мың доллардан астам қаражат берілген. Шығыс Қазақстаннан 339 өтініш түскен. Оқу ақысын төлеу бойынша да Шымкент көш бастап тұр. Аймақта 785 өтініш түсіп, 78 817 доллар берілген. Бөлінген қаражат көлемі бойынша екінші орында Жамбыл облысы. Үштікті Жетісу облысы қорытындылайды.

Мұрат Шәріпов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры:

- Бұл жерде енді ең маңыздысы, көбінесе біздің азаматтарымыз Қазақстандағы білім беру мекемелерінің ақысын төлеп жатыр. Бұл ақша ешқайда кеткен жоқ, елде қызмет атқарып жатыр. Бұл жерде, айта кету керек, бұл ақша Ұлттық қордан берілетін қаражат Қазақстан азаматтығы бар балаларға ғана беріледі. Егер 18-ге толмай бала шетелге шығып, азаматтығын ауыстыратын болса, бұл ақша келесі жылы берілетін болады.

Бұл қаржы шотқа автоматты түрде жылына 1 рет, яғни жыл басында түседі. Қаражатты бала 18-ге толғанда ғана ала алады. Ұлттық қордан есепшоттарға аударылатын ақша жыл сайын көбейіп отырады. Бірақ нақты қанша пайызға өсетінін ешкім дәл басып айта алмайды. Өйткені ол қаржы нарығы мен инвестицияланған қаржы құралдарының жағдайына тікелей байланысты.

Марат Қайырленов, экономист:

- Бала 18-ге толғанда есепшотында кемі 3 мың доллар ақша жиналады. Бұл әрине, нақты емес. Қазір дүниеге келген нәресте 18-ге толғанша, қаржы 4-5 есе өсуі мүмкін. Бұл инвестициялық кіріске байланысты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жалпы Ұлттық қор активтерін сапалы бақылауға да мүмкіндік береді. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұл игі істің бастамасы ғана.

Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Ал осы мерзімнен кейін де қаражат пайдаланылмаса, қаржы сол азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Жасөспірім қайтыс болса, қаражат отбасындағы басқа балалар арасында бөлінеді немесе ата анасына беріледі.

Авторы: Әлішер Әли.