Тасқыннан зардап шеккендер жаңа үйге кіреді

Батыс Қазақстан облысында судан зардап шеккендерге арналып 401 үй салынып жатыр.

Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарында 480 үй жарамсыз болып қалған. Ал Оралдың өз басында 1 921 үй тұруға келмейтіні  анықталды. 

Жарамсыз үйлер әлі де анықталып жатыр. Өйткені техникалық тексеріс жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Орал қаласы көктемде тасқын судың қоршауында қалды. Деркөл, Шаған, Жайық өзендері тасып, 14 мыңнан астам саяжай учаскесі суға кетті. Соның жартысынан көбінде тұрғындар үй салып, тұрақты мекендеп жатқан еді. Түскен өтініштерді зерделеу барысында 4,5 мың үйдің тұрғындардың жалғыз баспанасы екені анықталды. Күні бүгін 640 отбасына пәтер сатып алып берілді.

Сағат Ахметов, қала тұрғыны:
- Биыл суға кетіп, Президентіміздің айтуы бойынша зардап шеккен адамдар үйсіз қалмайды деп, соның арқасында үй алып жатырмыз. Бір бөлмелі баспана болса да. Осындай отбасыларға үйлі болуына тілектеспіз. Ұнап жатыр.
62 квадрат, бір бөлмелі болғанымен өте үлкен.

Батыс Қазақстан облысы тасқын судан ең көп зардап шеккен аймақ саналады. Табиғи апатқа тап болған әрбір үшінші отбасы Орал өңірінде. Жаңа құрылыстың да жартысынан астамы осында. Аудандарда 480 үй жарамсыз деп танылса, соның 401-і жаңадан салынып жатыр. Орал қаласында да құрылыс қарқын алды.

Әу баста жеке тұрғын үйлер тек аудандарда салынады делінген еді. Алайда көп балалы отбасылардың тілегі ескеріліп, Деркөл, Жұлдыз шағын аудандарында және Зашаған кентінде жер үйлердің құрылысы басталды.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- Барлығы типтік жобалы, яғни әрқайсысы үйдің көлемі 80 шаршы метрді құрайды. Көп балалы отбасы және мүгедектігі бар азаматтар, яғни категориясына байланысты. Сәйкесінше кіретін жолдары керек. Инфрақұрылымы керек. Мердігерлерді анықтап жатырмыз, асфальттап бастаймыз. Су мәселесі, электр желісі жұмыстарын қазіргі таңда жүргізіп жатырмыз. Қыркүйекке дейін толық аяқтаймыз.

Зардап шеккендерді баспанамен қамтуға еліміздің ірі компаниялары, кәсіпкерлер көмектесіп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша су тасқынынан келген шығын тек облыс орталығының өзінде 80 миллиардқа жуықтайды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев