ШҚО-да жаңа мектептер салынады

Өскемен, Риддер қалалары мен Шемонаиха ауданында бірнеше мектеп салынады.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысының елді мекендеріндегі кейбір мектептің қабырғасы 80-90 жыл бұрын қаланған екен.

Қазір елдің білім саласында құрылыс қарқын алды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, таяу жылдары 369 жаңа мектеп қолданысқа беріледі.  Озық үлгідегі білім ұялары 740 мың оқушыға шақталған.

Өскемен халқының саны жылдан жылға өсіп жатыр. Жаңа шағын аудандарға биыл 6 мыңнан астам адам қоныстанған. Қала үлкейген сайын, мектептерде орын жетпейді.  Оқу жылы басталғанша 2 мектепті тапсыру жоспарда. Серік Шайзадаұлының отбасы жаңа ауданға көшіп, енді немересін су жаңа мектепке бергісі келеді. 

Серік Шайзадаұлы, қала тұрғыны:
- Жаға мектептің тез арада салынуын жанұямызбен асыға күтіп жүрміз. Әрі жаңа қонысқа көшеміз деген жоспарымыз бар. Келер жылы бір немерем нөлдік сыныпқа барады.

Әділ Сайлаубек, №1 орта мектептің директоры:
- Осы күзге дейін үш мектеп іске қосылады деп жатыр. Және жылдың аяғында тағы бір мектеп
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Бұл енді оқушылардың тек қана келіп-кетуіне қолайлы ғана емес, яғни жайлылығына да үлкен әсер етеді.

Облыстың білім басқармасы жаңа шағын аудандарда мектеп салу арқылы біраз мәселені шешпекші. Біріншіден, Өскеменде үш ауысыммен бала оқыту жойылады.  Бұдан бөлек, тұрғындарға баласын басқа ықшам ауданға тасудың қажеттілігі болмайды.

Инесса Чернышова, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Расын айтуымыз керек, қазір салынып жатқан ықшам аудандарда мектеп жоқтың қасы. Қолданыстағылары оқушыларды артығымен қабылдауға мәжбүр. Осы тұрғыдан жаңа мектептерге зор үміт артамыз. Ең бастысы, оқушылардың барлық қажеттілігін өтейтін жайлы білім ордасы болады деп сенеміз.

Оқу-ағарту министрлігінің болжамынша, келер жылы елімізде мектепке баратын бала саны бес есеге өсуі мүмкін. Сондықтан 2025 жылы өңірлерде 369 мектеп ашылады деп жоспарланған. Осы мақсатта ұлттық жоба аясында мемлекет қазынасынан 2 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин