Қызылорда облысын көгілдір отынмен қамту биыл да жалғасады

Қызылорда облысының елді мекендерін көгілдір отынмен қамту биыл да жалғасады.

Қармақшы ауданында құны 7 миллиард теңгеден асатын жоба әзірленген. Құрылыс шілде айында басталады. Оның аясында Дүр Оңғар ауылына газ құбыры тартылады. Бұл жоба жеті елді мекенге табиғи газ жеткізу үшін маңызды. Бүгінде аудан орталығына толық газ жүйесі тартылған. Ақай елді мекеніндегі үйлер мен мекемелерді газға қосу жалғасып жатыр. Дегенмен, Байқоңыр қаласына іргелес орналасқан Төретам кентіне газ кіргізу жұмыстары кестеден кеш қалды. Жоба былтыр іске қосылуға тиіс болатын. «Қазір аталған олқылықтар қалпына келтіріліп жатыр», - дейді мамандар

Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:
- Мердігер мекеме жұмысты өз деңгейінде дұрыс ұйымдастырмағасын, ар жағында біз өзіміздің тарапымыздан тексеру жұмыстарын ұйымдастырғанбыз. Нәтижесінде шыққан кемшіліктерді қалпына келтіреміз. Дегенмен бүгінгі күні газбен қамту мәселесі толығымен шешіліп отыр. Кезең-кезеңімен Төретам кентінде де тұрғын үйлер газды пайдаланып отыр.