СҚО-да көне құрылымдар табылды

Манаш Қозыбаев атындағы университеттің жас археологтары «Ақири» қалашығынан орта ғасырға тән тағы бір ескерткіштің бетін ашты.

Тарихшылардың айтуынша, ежелгі адамдар ол жерде металл балқытып, ет сүрлеген.

Біреу үшін аяқ астында жатқан қара жер. Бірақ олар үшін емес. Бұл Манаш Қозыбаев атындағы университет студенттерінің 20-шы археологиялық қазба маусымы. Жас мамандар үш апта осында болып, көне қалашықтың сырын ашуға тырысады.   

Мейрамбек Сәрсембай, студент:
- Өте бір жеңіл жұмыс деп ойлағанмын. Бір картоп қазған сияқты, сондай бір жұмыс деп ойлағанмын. Қазып қарай бересің деп. Шынымен де қиын жұмыс екен. Мәдени қабаттар бар. Олардың әр қабаты қандай екенін білуің керек. Шпательмен, кисточкамен жұмыс істеуді білу керек.

«Ақири» - сақ әлемінің ең солтүстік нүктедегі қалашығы болып саналады. Ежелгі адамдар Есіл өзенінің бойындағы жарға жайғасқан. Қазір мұнда Долматов ауылы бар. Бұл тұрақты тапқан тарихшылардың бірі – Анатолий Плешаков. Биыл оның экспедициясы көне құрылымдардың бетін ашты.    

Анатолий Плешаков, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Қазір көне құрылымдардың қай кезеңге жататынын білмейміз. Кірпіштеріне қарап, орта ғасыр ма деп отырмыз. Бірақ бұл жерде металлдың өңделгені, еттің сүрленгені анық. Оған қалдықтар мен малдың сүйектері дәлел.

Тарихшының айтуынша, бұл құрылымдар Еуразия кеңістігінен табылмауы мүмкін. Сондықтан сақ дәуірінен сыр шертетін көне ескерткіштер археология ғылымының тағы бір тармағы болуы ықтимал. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков