Хан Тәңірін альпинизм орталығына айналдыру қажет

Көк тіреген шыңды альпинизм орталығына айналдыру қажет.

Хан Тәңірі альпинистік туризмді дамытуға таптырмас жер дейді мамандар. Шыңның биіктігі 7 шақырымнан асады. Қазақстан, Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында жатыр. Алайда жауапты мекеме өкілінің айтуынша, шыңға лайықты көңіл бөлінбей отыр. Қазір мұнда 30 жыл бұрын салынған лагерь қызмет көрсетеді.

Әлішер Тұрсын, «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Негізінен, Қазақстанды сыртта жарнамалаған кезде, бізде көбіне мынау шытырман оқиғаға толы – «advanced tourism» түрі. Экологиялық туризм бағытында, этнотуризм бағытында, «ивентика» - халықаралық шаралар бағытында конгрестер мәселелеріне көбіне көңіл бөлеміз. Ал мынау тау мәселесі, альпинистік туризм өте бір спецификалық және бір арнайы кәсіби дайындық талап ететін арнайы бағыт. Оған да бәлкім ресурстар, адамдар қарастырылып, шақырылуы керек.

Алматы тау кластері – туристер көп баратын орындардың бірі. Былтыр Алатау бөктерінде 2 миллионнан астам адам демалысын өткізді. Ал жақында өткен кеңесте Президент елде таудағы туризмнің кенжелеп тұрғанын айтып, сынға алды. Сарапшылар да бұл саланы дамытуға әлеует зор екеніне сенімді.

Базарбек Қамысбаев, сарапшы:
- Алматы облысы, яғни Алматы облысының айналасында ғана тау кластері жақсы дамыған. Ал Шығыс Қазақстанда тау туризмі жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бірақ енді ең бастысы кластер бар. Инфрақұрылымды жақсартып, осы жолда жұмыстар атқарылуы керек. Сонда ғана біз елімізге мемлекеттік деңгейде үлкен бір шараларды, альпиниадаларды тартуға болатын шығар.

Әлішер Тұрсын, «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Тек қана бір Туризм министрлігі бүкіл Қазақстанның туризм мәселесін шешеді деген, бәрі тақадай қылады дегенді айтса, нанғысыз. Енді туризмде әуе-көлік мәселесі бар, жол-инфрақұрылым мәселесі бар, орналастыру, жатақжай мәселесі бар, тамақтандыру мәселесі бар. Оның бәріне қызмет көрсететін сервис мәселесі бар. Алшақтау орналасқан ауылдық жерлердің бағасы да басқаша болуы мүмкін.

Былтыр елдегі 19 курортты аймақта 4 млн-ға жуық адам демалды. Демалушылардың жартысынан астамы демалысын тауда өткізгенді жөн көрген. Демек, таудағы туризмге сұраныс жыл санап өсе бермек.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен