Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар саны азайған

Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың саны 31 пайызға азайған.

Бұл биыл мен былтырды салыстырғандағы көрсеткіш. Тиісінше әлеумет әлеуетін арттыруға бөлінген қаржы көлемі де айтарлықтай қысқарған. Бұл жайлы Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Айгүл Әпенова мәлімдеді.

Әлеуметтік көмек беру үшін азаматтың кірісіне емес, шығысына мән беріледі. Өкінішке орай, қаржыға қол жеткізу үшін табысын азайтып көрсететіндер көбейген. Бұл туралы мемлекет басшысы да баса айтты. Қазір 4,5 млн-ға жуық адам әлеуметтік көмек алады. Демек, әрбір бесінші азамат қолдауға мұқтаж. Дегенмен мемлекет мезірет танытқаннан қоғамда масылдық көзқарас қалыптасып келеді. Осылай деген Президент жауаптыларға жүйені түбегейлі өзгертуді тапсырды. 

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Бюджет қаржысы шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға берілуі керек. Реформа жүргізгенде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. 

Сарапшылар да президент пікірімен келіседі. Тұрмыстық тіршілікті түзетуге ең алдымен азаматтардың өзі жауапты. Үкімет халық үніне құлақ асып, қолдан келгенді жасап бағуда. Әлеуметтанушылар елдегі әлеуметтік қолдау саясаты біраз мемлекетке қарағанда көш ілгері екенін айтады. Десе де, халыққа қаржылай емес, ақпараттық қолдау яки жағдайын жақсартуға мүмкіндіктер туралы түсіндіру керектігін алға тартады. 

Медет Қуатбеков, Л. Н. Гумилев атыңдағы ЕҰУ Әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі:

- Масылдық көзқарастан арылу үшін  ең бірінші ашық жүйе құруымыз керек. Екіншіден, әртүрлі мемлекеттік әлеуметтік бағдарлама қолжетімді болу керек. Үшіншіден, мен ойлаймын әлеуметтік отбасыларға, жеке адамдарға болсын әлеуметтік қызметтерді кеңейтіп дамытуымыз керек.

Президент пәрмен бергелі бірнеше ай өтіп, жылдың бел ортасына келдік. Жауаптылар тыңнан түрен салуға тырысты. Әлеумет әлеуетін арттыруға ниет танытты. Сәйкесінше салада іркілістермен қатар ілкімді істер де бар. Мәселен, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатындардың үлесі 31 пайызға азайған. 2023 жылы 514 мың тұрғын қолдау қаражатын алса, қазір 352 мыңнан сәл асады.

Айгүл Әпенова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы:

- ҚР әлеуметтік кодексіне сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік деңгейден кем болған жағдайда және де ҚР тұрақты азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Сомасына келетін болсақ,  биылғы жылы сол жанағы атап айтқан 352 мыңға 18 млрд-қа жуық қаржы бөлінді. Былтыр 514 мың атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 25 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. 

Кез келген ілкімді істің игілігін ең бірінші ел көру керек. Мемлекеттің басты міндеті де, межелі бағыт-бағдары да осы.

Шернияз Жалғасбекұлы