Астанада «Таза Қазақстан» аясындағы дәстүрлі бейсенбілік жалғасып жатыр
«Таза Қазақстан» аясындағы дәстүрлі бейсенбілік әлі де жалғасып жатыр.
Мөлдір Молдағали, тілші:
- Бүгін бейсенбі. Елордалық оқушылар қала сыртындағы қоқысты жинауға келді. «Таза Қазақстан» аясында өтіп жатқан акцияның бүгін 5-шарасы.
14 пен 35 жас аралағындағы жастар тартылған «Жасыл ел» еңбек жасағы күн сайын қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға шығады. Ал дәстүрге айналған бейсенбілік бүгін елордадағы «Өндіріс» тұрғын алабында өтті. Мұнда 100-ден астам оқушы қоқыс жинады.
Балым Тұрарбек, оқушы:
- Менің байқауымша, көптеген қоқыс ол пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, шыны ыдыстар және қағаздар. Менің қазақстандықтарға бір айтарым бар, өтінемін, жерге қоқыс тастамаңдар, бұл өзіміздің еліміз, өзіміздің жеріміз.
Марат Мұхамеджанұлы, «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының жетекшісі:
- Әр акцияда біз 200-ге жуық қапшық жинаймыз. Осы уақытқа дейін 1000 қапшық қоқыс жинадық. Балалар күніге саябақтарда жұмыс жасайды. Таңғы 8-ден түскі 12-ге дейін.
Балалар екі бағытта жұмыс істейді. Алдымен, өз мектептерінің аумағын тазартса, кейін саябақтарды ретке келтіреді.
Марат Мұхамеджанұлы, «Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы» қоғамдық қорының жетекшісі:
- Қалалық мектептерде 102 мектеп жұмыс істеп жатыр және де 3 паркте жасаймыз. Неге мектепте жасаймыз, бала өз мектебін өзі тазаласа, солай біз тәрбиелейміз, ұқыпты қарауға, белсенділік танытуға.
Құрылғанына 20 жыл болған «Жасыл ел» еңбек жасағында биыл 4200 бала қамтылды. Олардың әрқайсысына арнайы есепшот ашылып, жалақы төленеді.
Ернар Марс, оқушы:
- Мен екі жыл қатарынан Жасыл елде жұмыс жасаймын. Маған жасыл ел ұнайды. Несімен десеңіз, мұнда жаңа достар таптым, осы жерде жұмыс жасап, еңбек етіп, ақша таба аламын. Достарымызбен бірге әңгімелесіп жұмыс жасағанда жұмыс қатты қиын жүрмейді, оңай болады.
Жасақтағы әр оқушы тек бір ай көлемінде еңбек етеді. Мұндай шектеу шараға неғұрлым көп оқушы тарту үшін қойылған. Жұмыстан бөлек жастарды спортқа баулып, түрлі көңіл-көтеру акциялары ұйымдастырылып тұрады.
Мөлдір Молдағали, Ерлан Наурызбаев