Елордада ауыл мәселелері көтерілді
Елордада «Ауыл - ел бесігі» экспедициясы қорытындыланды.
Бұл сапардың мақсаты - ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелерді қадағалап, халықтың талап-тілегін құзырлы мекемелерге жеткізу. "Аманат" партиясының мұрындық болуымен жоба жұмысына Ауыл шаруашылығы және Оқу-ағарту министрліктері де қосылып, экспедиция аясы кеңейе түскен.
Ертай Айғалиұлы, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы:
"Бұндай экспедиция жалпы еш жерде жоқ. Әдейі аралап, шаң-шаң болып, облыс, ауыл-ауылды аралап, бармаған ауылымыз, бармаған ауданымыз жоқ. Бір де бір ондай газет жоқ. Сәуле Мешітбайқызы басшымыз бар, өзіміз бар, ұжымымыз бар, біз соны жыл сайын тастамай, соны ары қарай жалғастырып келеміз."
Кемертоған ауылының тұрғындары Мәжіліс депуттаттарымен кездесті
Экспедиция назарына көптен бері шешімі табылмай келе жатқан Алматы облысындағы Кемертоған ауылының мәселелері де ілінген. Онда білім беру, инфрақұрылым және энергетика саласындағы қиындықтар бой бермей тұр. Соңғы 9 ай тамырын басып, тұрғындармен байланыста болған газет тілшілері бүгінгі жиында ауыл белсенділері мен үкімет өкілдерінің басын қосты. Тараптар арасында тікелей диалог орнап, жергілікті атқарушы органдардың олқылықтары анықталды. Ауыл тұрғындары қарапайым түсіндіру жұмыстары да жүргізілмегенін айтты.
Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
"Премьер-министр Олжас Абайұлына мен үлкен сауал жасадым. Облыс, аудан, ауыл әкімдерінен ешқандай нәтиже көрмей отырмыз. Нақты жауап бере алмайды. Ешқандай шешім шығара алмайды. Бұл мәселе былай айтқанда күйіп тұр қазіргі уақытта. Сол себептен енді бұл қашан шешімін табады, қалай шешіледі, әзірге хаттан, сауалдың жауабын әлі алған жоқпыз. Енді каникулға да аз уақыт қалды. Барғаннан кейін оны ары қарай да қарайтын боламыз."