Журналист мәртебесін арттыратын заң
Осы масс-медиа туралы заңдағы жаңашылдықтың бірі мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламаларына қатысты.
Қазақ тіліндегі контенттің бір аптадағы көлемі 60 пайызға ұлғайтылды. Бұрын 50-ді құрайтын. Сәйкесінше, шетелдік өнімдердің үлесі біршама азая түседі. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым да енгізілді. Жаңа құжаттағы негізгі өзгерістерді әріптесім Әлішер Әли електен өткізді. Құлақ түрейік.
Қазір елімізде ресми тіркелген 6 жарым мыңға жуық ақпарат құралы бар. Оның 200-ден астамы телеарна. Күн сайын телевизия өнімдерін көгілдір экран арқылы 3 миллион 600 мыңға жуық адам тамашалайды. Қазір отандық медиакеңістіктегі қазақ тілді контенттің үлесі 50 пайыз. Ал жаңа заңда медиадағы қазақ тілінің өрісін кеңейту тетіктері қарастырылған. Енді мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 60 пайызға дейін ұлғаяды. Ал шетелдік өнімдер керісінше азаяды. Сондай-ақ балалар контентіне ерекше көңіл бөлінеді.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз осы уақытқа дейін тек қана мемлекеттік БАҚ-қа басымдылық беріліп келген болса қаржыландыру жүйесінде, енді аймақтағы, өңірдегі жеке меншік басылымдардың да әсіресе балаларға арналған басылым журналдар бар. Олардың да гранттық негізде қаржыландыруына мүмкіндік туады, бұл да заңның жақсы жаңалығы деп есептеймін.
Бұл заңда жарияланған "материалдың ескіру мерзімі" деген түсінік те бар. Ол 1 жыл. Ал бұрын материлал 10, тіпті 20 жыл өтсе де, ескірген болып есептелмейтін. Жаңа құжатта журналистердің кәсіби құқығын қорғауға арналған тетіктер де бар. Сондай-ақ, тілшілер жолдаған сауалға билік өкілдері жауап беретін мерзім де қысқарды.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Егер де төтенше жағдай болса, 3 сағаттың ішінде жауап беру керек. Егер де мемлекеттік органның мәлімдемесін анықтау үшін, я болмаса мем.орган басшысының сөзін анықтау үшін – 2 күн. Ал жалпы үлкен сауал болса, 7 күн 5 күнге дейін қысқарды.
Жаңа заң аясында мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құрылады. Сондайа-ақ «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым да енгізілді.
Срайыл Смайыл, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы:
- Бір сөзбен айтқанда, бұл заңның маңызы өте зор. Бұл заңда түрлі ең өзекті мәселелер қамтылған. Бұл заң меніңше бірер жыл бұрын қабылданған ақпараттық доктринаның талабынан туындап отыр. Ол жерде осы медиакеңістіктегі бір жүйеге келтіру мәселесі қозғалған болатын.
Талап та қатаңдады. енді өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және жариялауға тыйым салынады.
Әлішер Әли, тілші:
- Жаңа құжатта қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру да көзделген. Олар республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылады. Кеңестер БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеуіне мүмкіндік береді. "Масс-медиа" туралы заң мемлекет мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып әзірленді. Жаңа құжатқа «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Аталған заңдар күшін жояды.
Әлішер Әли