Қарағандыда қызмет барысында қаза тапқан полицей Қайрат Жұмабековты еске алды
Қарағандыда қызмет барысында қаза тапқан Қайрат Жұмабековты еске алу кеші өтті.
Осыдан тура 17 жыл бұрын 130 оқушыны ажалдан арашалап, өзі жан тапсырған полиция қызметкерінің ерлігі ел есінде. Алматы-Екатеринбор тасжолында балалар мінген 3 автобусты инспектор Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугач қызметтік көлігімен бастап келе жатады. Кенет жүк көлігі қарсы бетке шығып, автобустарға қауіп төнеді. Қас-қағым сәтте Қайрат Жұмабеков жүк көлігіне кедергі болуға шешім қабылдап, өзін құрбан етеді. Жантүршігерлік жағдайдың куәсі болған сол кездегі оқушылар батырды еске алу кешіне жиналды. Бүгінде барлығы ер жеткен. Рухани шараны ұйымдастыруға түрткі болып, марқұмның отбасына алғыс білдірді. Қайрат Жұмабековтің артында 2 бала қалды. Тұңғышы әке жолын қуған.
Ғалым Қайратұлы, Қ.Жұмабековтің ұлы:
- Әкемнің ерлігі туралы айта кетсек, ер азамтқа сай іс істеді. Кішкентай кезімнен тастап полиция қызметкері болуды армандадым. Мақсат қойдым, қазіргі таңда мақсатым орындалды. Батырдың ұлы екенімді мақтан етемін. Менің ойымша әр бір азаматтың қолынан келе бермейді.