Түркістан облысында шегірткеден келер қауіп сейілді
Байтоғай ауылы шегірткеден құтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – Арыс қаласына қарайтын елді мекен. Жалпы Түркістан облысында зиянкестерден қауіп сейіле бастаған. Ал Шардара ауданында улау жұмыстары жалғасып жатыр. Шегірткеден құтылған ағайынның алды бақшасын қайта қолға алған.
Байтоғай ауылының тұрғыны Битемір Қарнеев 2 млн теңге қаржы жұмсап, 3 гектар жерге қарбыз еккен. Алайда 10 күн бұрын лап қойған шегіртке бақша дақылының біраз бөлігін жеп, түйіндерін үзіп кеткен. «Бастапқыда өз күшімен әрекет еткенімен зиянкестермен күресуге шама келмеді», –дейді.
Битемір Қаренеев, шаруа:
- 2-3 күн өзіміз шегірткемен алыстық. Болмағаннан кейін жоғарыдан көмек сұрадық. Соның арқасында алып қалдық негізі. Өз күшімізбен алып қала алмайтын едік.
Зиянкестерден зиян шеккен диқандардың тағы бірі Нұрпейіс Мамытов та енді ес жиып жатқанын айтады. Қазір қарбыз еккен алқабында өлген шегіртке үйіліп жатыр. Оны біртіндеп тазартып, қалған өнімін аман алып қалуға тырысып бағып жатыр. «Дер кезінде әуеден улап, көліктермен дәрі шашпағанда еккен қарбыздан түк қалмайтын еді», – дейді.
Нұрпейіс Мамытов, шаруа:
- Жаппай шегіртке келді, лап берді. Әрекетімізді қылып, өзімізше баллон жағып, бірдеңе қылып, әрекетімізді жасадық. Артынан Үкімет, мемлекет дәрісін шашып, осындай дәрежеге келді.
Қазір Арыстағы ауылдарда зиянкестерді улайтын көліктер әлі де жүр. «Себебі қауіп сейілгенімен, қанаттыларды түгел жойып жіберу мұмкін емес», – дейді мамандар. Көршілес жатқан Шардара ауданында да улау жұмыстары жалғасып жатыр. Келтірілген шығын есептеліп жатыр.
Бектас Мұзафаров, облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары:
- Жалпы облыс бойынша 165 гектардай жерге зиян келтірді деп есептеліп жатыр. Ішінде егістік жерлер бар, жайылым жерлер де бар. Қазіргі техникалар шаруалардың қалған шегірткелердің қауіптілігі болып жатқан жерлерін залалсыздандырып жатыр.
Мамандар Марокко шегірткесінің өсіп-жетілуі 75%-ке жетіп, шарықтау шегіне жақындап қалғанын айтады. Яғни, бірер күнде қалған зиянкестердің көзі табиғи түрде жойылады. «Одан кейін арнайы ошақтары зерттеліп, келер жылға дәрілеу аумағын анықтаймыз», – деп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.