Еңбек мигранттары: елде 200 мыңнан аса адам заңсыз жүр

50 шетелдік шекарадан жасырын өткен, деп хабарлайды 24KZ.

Ал 25 мыңға жуығы елде жүріп, заң бұзған. Бұл – жыл басынан бергі жағдай. Сондай-ақ биылдыққа 104 жат жұрттық елден шығарылды. Бұған көбіне Қазақстандағы еңбек мигранттарына деген сұраныстың артуы себеп.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Елде 10 млн-нан аса еңбек жасындағы адам бар. Ал оның 500 мыңға жуығы екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүр. Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5%-ке жуықтаған. Сөйте тұра, кейінгі жылдары жат жұрттықтардың еңбек күшіне сұраныс артқан. Ал жауаптылар: «жыл санап келімсектерге берілетін квотаны азайтып, еңбек нарығын түзейміз», – дейді. 

Ерлан Райғаниев, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

- Жыл сайын біздің министрлік осыған байланысты шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді. 2024 жылға 22 мың шетелдік азаматқа квота бөлінген. Олар барлық өңірге бөлінді. Жалпы 22 мыңның 0,23%-і жалпы Қазақстан бойынша жұмысқа қабілеті бар адамдардың санынан болып табылады. 

Басты себеп біздегі қызметкерлердің кәсіби біліксіздігі мен білімінің төмендегі екен. Әсіресі тау-кен, мұнай салаларында әлеуметтің әлеуеті әлсіздік танытып, сыртқы еңбек күшіне тәуелдіміз.

Нұрлан Байғабыл, әлеуметтанушы:

- Бізде еңбек мигранттарының, әрине, қажеттілігі бар деп санаймын. Әрине, ол қай жағынан? Кәсіби біліктілігі бар шетелдік мамандар бізге қажет. Сондықтан да шетелдік мамандарға квота бергенде, оларды жұмысқа тартқан кезде біз олардың кәсіби біліктілігіне, әлеуетіне қарауымыз қажет. 

Ерлан Райғаниев, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізде, бұрыннан белгілі, көбінесе мұнай саласында, құрылыс саласындағы, сонымен қатар тау-кен салаларында көп тартылады. Біздегі БҚО, ШҚО көп шетелдік жұмыс күшін тартады.

Бай-бағландар да бала күтуші, бағбан, аспаз секілді үй қызметкерлерін шет елдерден алдыруды сәнге айналдырған. Мәселен, қазір жеке тұлғалардың қолында 130 мың еңбек мигранты еңбек етеді. Олардың дені – Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан мемлекеттерінің азаматтары. Бұған балаларына шет тілдерін үйрету, өзге ел тамақтарын тұтынуға деген қызығушылықтар себеп.

Шетелдік еңбек мигранттары

Өзбекстан – 125 150 адам

Тәжікстан – 4 353 адам

Әзербайжан – 967 адам

Нұрлан Байғабыл, әлеуметтанушы:

- 2023 жылдары үй шаруашылығына еңбек мигранттары тарапынан жалпы 295 300 маңайында ресми тіркелгендер бар. Өзбекстан, Тәжікстан, оның ішінде Грузия азаматтары бар. Ал Оңтүстік-Шығыс елдерінен, афроамерикалықтардың келуін айтар болсақ, бұл жерде кейбір ауқатты отбасылардың ағылшын тілі, шет тілі секілді өзіндік критерийлері бар.

Ресми дерек осылай. Сонымен бірге саланың көлеңкелі тұсы бар екені жасырын емес. Оны мына статистикадан байқауға болады. Биыл 4 айда Қазақстанға 4,2 миллион шетелдік келген. Оның тек 4 млн ғана отандарына оралған.

Яғни, елде 200 мыңнан аса адам заңсыз жүр. Олардың дені – Өзбекстан азаматтары. Мәселен, 1,7 млн адам келсе, 1,5 млн-ы еліне қайтқан. Сол секілді, қырғызстандық 959 мың турист шекарадан бері өтсе, 950 мыңы атамекеніне оралған. Ал Ресейден 794 мың азамат келіп, бұрынғыларды қоса алғанда 801 мың адам кеткен.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы.