Қаржы сауаттылығы. Отбасында ақшаны кім ұстайды?

Отбасында ақшаны кім ұстаған жөн? Кіші отанның бюджетін қайда, қалай жұмсап жұмсап жүрміз? Жалпы елдің қаржылық сауаты қай шамада?

Ай сайын айлық түскенде ақшаңызды алдымен қайда жұмсайсыз? Әрине, бірінші несие, кейін пәтер, одан соң азық-түлік аласыз. Алайда айлығы шайлығынан аспайтын отбасылар да бар. Жалпы отбасылық бюджетті кім жинап, қалай жаратқан жөн?

Сауалнама:

- Әркім өз айлығын менсіну керек. Содан артық қарызға кіріп кетпеу керек.

- Еркек ұстаған дұрыс қой. Бірақ әйел де ұстайды ғой. Қанша дегенмен еркектің қадағалағаны дұрыс қой.

- Ортақ бірге ұстау керек. Ақылдасып, келісіп, солай тиімді болатын сияқты.

- Әрине, әйел басқарған дұрыс. Өйткені әйел артқы жағын ойлайды. Бір нәрсені бір нәрсеге ұқсатады.

- Кім жақсы ұстанады, сол ұстаған дұрыс. Әр отбасыда әртүрлі болады.

Елдегі халықтың қаржылық сауатын анықтау үшін жүргізілген сауалнамада сұрау салынған 3000 отбасының үштен бірі, яғни 30,2%-і қаражатты өздері ұстаса, 24,3%-і ата-анасына беретінін айтқан. Ал әр бесінші қатысушы отбасылық кіріс пен шығысты жұбайына тапсырған. Бұл – 19,1%. 18,2%-і бюджетті ортақ екенін жеткізсе, 3,1%-і балалар жұмсайды деп құтылған.

Әйгерім Рысбаева, қаржылық сарапшы:

- Қаржылық сауаты бар адам, тәртіпті адам және өз өзінің бюджетін басқара алатын адам ұстау керек. Ол ер адам бола ма, әйел адам бола ма – бұл жерде ол аса маңызды емес. Кімде осы қабілет, қасиет бар, сол ұстау керек.

Зерттеу нәтижелері әртүрлі жастағы жанұялардың отбасылық бюджетті басқарудағы айырмашылығын көрсетті. Мысалы, 50 мен 63 жас арасындағы адамдар отбасылық кіріс пен шығысты жеке есептегенді жөн санаса, керісінше, жастар отбасылық міндеттерді бірге шешеді.

Ақжүніс Бірасылова, қаржы бизнес-тренері:

- Біздің енді егде кісілер үшін Кеңес Одағында көп нәрсе дефицит болды. Бір жағынан ақша жойылып кетті. Олардың өте көп шектеуі және қорқынышы бар. Ал жастарда қорқыныш жоқ.

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың көпшілігі өздерінің қажеттіліктеріне жұмсайтын жеке қаражаттары бар екенін айтқан. 42,4%-і ішінара жинақ барын білдірсе, 38,1%-і ақшасына өзі қожа. Ал 19,5%-і жеке қаражатының жоқтығын айтқан.

Әйгерім Рысбаева, қаржы сарапшысы:

- Неліктен біз несиеге көп жүгініп жатамыз? Себебі біздің жинақтаған қорымыз жоқ. Ал егер әдет ретінде қорды ай сайын жинақтап, дайын болсақ, кез келген күтпеген жағдайларда біз несиеге де азырақ жүгінетін едік.

Әрине, үйге кірген ақшаны кім қайда жұмсайды? Оны кім ұстайды? Бұл – отбасының ішкі мәселесі. Ал сарапшылар: «халықтың қаржылық сауаты жыл өткен сайын артып келеді», – дейді.  2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07%-ке тең болса, 2024 жылғысы – 40,5%. 

Авторлары: Зарина Кәп, Ержан Рахманбердиев.